Қазақстаннан 60 жыл бұрын кеткен әйел: "Мен құмаршықтан жасалған ботқаны сағындым"
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ресейдің Зеленодольск қаласының (Татарстан) тұрғыны Фаруза Аббазова далада өсетін құмаршық өсімдігінен жасалған ботқаның дәмін әлі күнге дейін ұмытпағанын айтады. Бұл туралы ол Атыраудағы "Прикаспийская коммуна" газетіне хат жазған.
Қарт әйел балалық шағын еске түсіре отырып, Гурьевте (қазіргі Атырау) азық-түліктің түрі көп болмағанын айтады. Алайда оның анасы қолда бардан әрдайым дәмді тағамдар дайындап беретін.Жақында менің туыстарым жаңадан жасалған Атырау алаңының фотоларын салып жіберді. Онда құмаршық өсімдігіне арналып ескерткіш қойылыпты. 60 жылдан көп уақыт өтсе де, өткен күндер есіме бірден келді. Балалық шақ. Гурьев. Ескі қала. Шатырсыз саман үйлер. Ағамыз Рафхат Усаев - жоғары білікті жүргізуші еді (жұмыс тәжірибесінде көлігін бірде бір рет соқпаған). Ол Гурьев облысының мұнай-кен орындарына іссапарға жиі баратын. Бір күні біз бұрын білмеген өсімдіктің дәнін әкелді. Оның түсі сұр, әрі майлы еді. Ол дүкенде сатылмайтын, тек жергілікті тұрғындар өздері жинап, асқа пайдаланған сияқты, - деп жазады Зеленодольск тұрғыны.
Құмаршық түйенің тікеніне ұқсас. Ашаршылық және соғыс кезінде бұл дала шөбі мыңдаған қазақ отбасыларын ажалдан құтқарып қалды деген аңыз бар. Енді қазіргі кезде құмаршық Атырау облысына туристерді тартудың тағы бір брендіне айнала алады.Ағам әкелген сол дәннен дайындалған ботқа өте дәмді болатын. Қанша уақыт өтсе де оның дәмі аузымнан әлі кетпеді. Сол ботқаны осы уақытқа дейін сағынамын. Мұндай ғажайып өсімдікті құнары төмен жерде тұратын біз сияқты тұрғындарға табиғаттың өзі қамқоршы ретінде берген сияқты - деген Фаруза Сұңғатұлқызы құмаршыққа арнап ескерткіш тұрғызғандарға алғыс айтуды өтінді.