Бүгiн 2026, 11:02 Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

"60 мыңға жуық шағым бар": Бектенов жол сапасына қатысты сын айтты

Премьер-министрдің айтуынша, азаматтардың жергілікті жолдар мен көшелердің жағдайына қатысты шағымдары айтарлықтай көбейген.

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында жолдардың сапасы мен қауіпсіздігі мәселесіне баса назар аударды. Оның айтуынша, азаматтардың жергілікті жолдар мен көшелердің жағдайына қатысты шағымдары айтарлықтай көбейген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Премьер-министрдің мәліметінше, өткен жылы жергілікті жолдар мен көшелердің мүшкіл жағдайына байланысты келіп түскен шағымдар саны 1,5 есеге өсіп, 60 мыңға жуықтаған. Ал биылдың өзінде шамамен 7,5 мың өтініш тіркелген. 

Әкімдіктер  азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беруге тиіс. Уақтылы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп,  жолдарды жөндеу барысына  бақылауды күшейту қажет, - деді Олжас Абайұлы. 

Үкімет басшысы бірқатар өңірдегі жолдардың сапасына қатысты нақты мысалдар келтірді. Атап айтқанда, тұрғындар Доссор-Ақтау және Атырау-Орал бағыттарындағы жолдардың жағдайына шағымдануда.

Туризм саласының өкілдері болса, Жетісу және Абай облыстарында,  оның ішінде  Алакөлге апаратын өңірлік жолдарды күтіп-ұстау жұмыстарының сапасына шағымданды.

Сапалы жолдар – жайлы әрі қауіпсіз қозғалыс қана емес,  сондай-ақ өңірлердің экономикалық өсуі мен  инвестициялық тартымдылығын арттыруға да мүмкіндік береді.

Жол құрылыстары мен жөндеу жұмыстарында  технологияларды қатаң сақтау, жобаларды уақтылы іске асыру – тек Көлік министрлігінің ғана емес, әкімдіктерге де қатысты мәселе. Оны бірінші басшылар  тұрақты бақылауда ұстауға тиіс, - дейді ол.

Еске сала кетейік, Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкімет отырысында өңір жолдарына қатысты 3 жылдық жоспарды айтты.