Бүгiн 2026, 12:30 Фото: depositphotos.com

60 күндік үзіліс: Таяу Шығыста соғыс шынымен тоқтай ма?

Алдағы екі ай Иран мен АҚШ арасындағы келіссөздердің тағдырын ғана емес, өңірдегі тұрақтылық пен халықаралық сауда бағыттарының болашағын да айқындауы мүмкін.

Иран мен АҚШ арасындағы шиеленіс уақытша бәсеңдегенімен, жағдайдың қайта ушығу қаупі толық сейілген жоқ. Сарапшылардың пікірінше, қақтығыстың дипломатиялық арнаға түсуіне ең алдымен әскери емес, экономикалық факторлар әсер еткен. Саясаттанушы, халықаралық қатынастар сарапшысы Риззат Тасым қазіргі жағдайды талдап, Иран үшін ең маңызды мәселе не екенін, АҚШ қандай қадамдарға баруы мүмкін екенін және бұл үдерістің Қазақстанға қалай әсер ететінін түсіндірді, - деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сарапшының пайымынша, Иран мен АҚШ арасындағы уақытша бітім түпкілікті келісім емес. Алдағы 60 күн тараптардың болашақ қарым-қатынағы үшін шешуші кезең болуы мүмкін.

«Қазір ешкім жеңген жоқ»

Иран мен АҚШ арасындағы соңғы келісімдер мен жарияланған уақытша бітім халықаралық сарапшылардың назарында тұр. Риззат Тасымның айтуынша, қазіргі жағдайды толыққанды бейбітшілік деп бағалау ерте.

Оның пікірінше, бүгінгі таңда байқалып отырған тыныштық – тек уақытша үзіліс.

Бітім уақытша кідіріс алғандай көрінеді. Өкінішке қарай, жағдайдың қайта ушығу ықтималдығы сақталып отыр. Бұл – менің жеке пікірім. Қазір кез келген әскери қақтығыс ұзаққа созылатын, шығыны көп әрі нәтижесі алдын ала болжанбайтын сипатқа ие екенін ескеру қажет. Бұл жағдайда Иран үшін ең басты жетістік – АҚШ-ты тез әрі арзан жеңіске жету мүмкіндігінен айыру болды деп ойлаймын. Сондықтан да жақын күндері ресми түрде қол қойылады деп жоспарланып отырған алдын ала меморандум жобасын Иран тарапы бекер жариялаған жоқ деп есептеймін. Меніңше, бұл ең алдымен ішкі қоғамның, одан кейін халықаралық қауымдастықтың реакциясын байқауға бағытталған қадам. Өйткені қазіргі жағдайда тактикалық жеңіс емес, эмоциялық жеңіс маңызды, – дейді сарапшы.

Риззат Тасымның сөзінше, қақтығыс барысында екі тарап та елеулі шығынға ұшыраған.

Соғыс басталғалы бергі кезеңге қарасақ, белсенді фаза шамамен 28 ақпаннан бүгінге дейін, яғни шамамен 107 күнге немесе 15 аптаға созылды. Осы уақыт ішінде АҚШ-тың стратегиялық және коммерциялық мұнай қорлары 44 миллион баррельге қысқарды. Ал Иран қандай ауқымды инфрақұрылымдық шығынға ұшырағанын бәріміз білеміз. Қазіргі тәуелсіз бағалаулар бойынша, келтірілген залал көлемі шамамен 300 миллиард долларды құрайды. Сондықтан бұл жерде нақты жеңген тарап жоқ. Бірақ АҚШ үшін халықаралық жүйедегі көшбасшылық беделін сақтап қалу маңызды болса, Иран үшін қабылданған шешімдерді ішкі аудиторияға дұрыс жеткізу шешуші рөл атқарады, – дейді ол.

Келісімнің өзегінде не тұр?

Сарапшының айтуынша, жарияланған құжаттардың басты мақсаты – тараптарға түпкілікті келісімге келу үшін уақыт беру.

Қазір уақытша бітім енгізіліп, шамамен екі ай, яғни 60 күн келіссөз жүргізуге мүмкіндік берілмек. Осы аралықта тараптар келісімнің негізгі тармақтарын түпкілікті бекітуге  тиіс.Әңгіме ядролық бағдарлама, санкциялар, кеме қатынасына бақылау және басқа да мәселелер туралы болып отыр, – дейді Риззат Тасым.

Оның пікірінше, Иран үшін басты мәселе әскери емес, экономикалық сипатқа ие.

Ең алдымен Иран үшін бұғатталған активтер маңызды екенін түсіну керек. Тәуелсіз бағалаулар бойынша олардың көлемі шамамен 200 миллиард доллар. Қазіргі келісімде АҚШ-тың шамамен 24 миллиард долларды бұғаттан босататыны қарастырылған. Оның 12 миллиарды келіссөздер басталуы үшін бірден беріледі, ал қалған 12 миллиарды келіссөздердің нәтижесіне байланысты бөлінеді. Жалпы көлем 24 миллиард доллар болғанымен, толық бұғатталған активтер көлемі шамамен 200 миллиард доллар екенін ұмытпауымыз керек. Сонымен қатар Иран келтірілген шығынның өтелуін талап етіп отыр. Өйткені елге шын мәнінде елеулі залал келтірілді, – дейді сарапшы.

АҚШ шығынды қалай өтеуі мүмкін?

Риззат Тасымның пайымынша, Вашингтон Иранға тікелей өтемақы төлеуге келісе қоймайды. Дегенмен басқа тетіктер қарастырылуы ықтимал.

Трамп өзінің әлеуметтік желідегі мәлімдемесінде Ормуз бұғазы арқылы еркін әрі бажсыз кеме қатынасы жалғасатынын айтты. Сондықтан келіссөздер басталған кезде АҚШ белгілі бір қулыққа баруы мүмкін деп болжап отырмын. Мысалы, Иранға белгілі бір уақыт аралығында бұғаз арқылы өтетін кемелерден баж алуға рұқсат берілуі ықтимал. Кей кезеңдерде Иран бір кемеден шамамен 200 мың доллар көлемінде алым жинағаны белгілі. Егер АҚШ бес жыл бойы осындай тәртіпке келіссе, қазіргі мөлшерлемемен есептегенде Иран айтқан 300 миллиард доллар шығынды өтеуге мүмкіндік тууы мүмкін. Әрине, АҚШ бұл соманы өз бюджеті есебінен төлемейді. Сондықтан мәселе осылай шешілуі ғажап емес. Ормуз бұғазының тар өткелі дәл осындай шешімнің құралына айналуы ықтимал, – дейді ол.

Израиль неге алаңдап отыр?

Сарапшы Израильдің қазіргі жағдайда өзін жайсыз сезінуінің де нақты себептері бар екенін айтады.

Нетаньяхудың бүкіл саясаты Иранға қарсы бағытталған болатын және ол осы тақырып арқылы саяси ұпай жинап келді.Алғашқы сәтті операциялар Израиль қоғамында үлкен қолдауға ие болды. Бірақ қазір Израиль келіссөз процесінің шетінде қалып қойғандай әсер туып отыр. Бұл белгілі бір алаңдаушылық туғызады. Оның үстіне Иран Израильге қатысты ұстанымынан бас тартқан жоқ. Сондықтан бұл мәселе Нетаньяхуды қысқа мерзімде де, ұзақ мерзімде де алаңдататыны анық, – дейді Риззат Тасым.

Сонымен қатар сарапшы Ливан мен прокси күштер мәселесі де күн тәртібінен түспегенін айтады.

Иранның негізгі талаптарының бірі – өзіне жақын аумақтардағы әскери әрекеттерді тоқтату болатын.

Сәйкесінше, Ливанға қатысты мәселе де келіссөздердің күн тәртібінде бар.

Бұған қоса, Иран прокси күштерді пайдаланудан бас тартпайды. Сондықтан бұл мәселе керісінше күрделене түсуі мүмкін, – дейді ол.

«Бұл жерде Ормуз факторы жеңді»

Риззат Тасымның бағалауынша, қазіргі келіссөздерге жол ашқан басты фактор – экономикалық қысым.

Шын мәнінде ең үлкен жетістік – қақтығысты дипломатиялық арнаға қайтара алу болды. Қазір дипломатия үшін мүмкіндік терезесі ашылып отыр. Менің ойымша, бұған бірнеше фактор әсер етті, - деді сарапшы. 

Біріншіден, екі тарап та белгілі бір кезеңде шиеленісті одан әрі күшейтудің тым қымбатқа түсетінін түсінді.

Екіншіден, екі жақ та айтарлықтай әлсіреді.

Үшіншіден, халықаралық қауымдастықтың, әсіресе ірі бизнес топтары мен мұнай саласының қысымы күшейді. Өйткені шығын көлемі орасан болды.

Мен тіпті бұл жағдайда Ормуз факторы жеңіске жетті дер едім. География жеңді. Халықаралық қысым жағдайды реттеуге қосымша дипломатиялық серпін берді деп есептеймін, – дейді Риззат Тасым.

Оның айтуынша, мұнай бағасы мен энергетикалық қауіпсіздік мәселесі де шешуші рөл атқарған.

АҚШ – әлемдегі ең ірі мұнай тұтынушы мемлекет. Әлемдік мұнай тұтынудың шамамен 12,9 пайызы осы елдің үлесіне тиесілі. Сондықтан кез келген қосымша шығын ең алдымен АҚШ экономикасына әсер етеді. Осы себепті Вашингтон жағдайдың экономикалық бағытта шешілуіне көбірек мүдделі, – дейді ол.

Қазақстан үшін бұл нені білдіреді?

Сарапшының пікірінше, дипломатиялық үдерістің басталуы Қазақстан үшін де маңызды.

Қазірдің өзінде біздің маңайымыздағы геосаяси кеңістік тұрақсыз. Ал Ирандағы жағдайдың қайта ушығуы Каспий арқылы Қазақстанға да жанама әсер етуі мүмкін. Оған қоса Қазақстан Орта дәлізді дамытуға басымдық беріп отыр. Сондай-ақ Трамп жолы деп аталып жүрген бағыттарды дамыту перспективасы да талқылануда. Бұл мәселелерде Иранның рөлі Әзербайжан мен Армения сияқты маңызды. Сондықтан жағдайдың дипломатиялық арнаға түсуі Қазақстан үшін де жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл үрдіс экономикалық бағыттағы бастамаларды ілгерілетуге және өңірлік ынтымақтастықты дамытуға қосымша серпін береді, – дейді саясаттанушы.

Сарапшының пайымынша, алдағы екі ай тек Иран мен АҚШ үшін емес, бүкіл өңір үшін маңызды кезең болмақ. Өйткені қазіргі келіссөздердің нәтижесі Таяу Шығыстағы қауіпсіздікке ғана емес, халықаралық сауда бағыттары мен энергетикалық нарықтардың болашағына да әсер етуі мүмкін.