60 дәрігерге миллиондаған жәрдемақы берілді

Маңғыстау облысында 60 дәрігер жергілікті бюджеттен әлеуметтік төлем алды, деп хабарлайды BAQ.KZ денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Облыстың ауылдық аудандарына жұмысқа келген 32 дәрігер 8,5 млн теңгеден көтерме жәрдемақы алса, Жаңаөзен қаласын таңдаған 11 дәрігерге 5 млн теңгеден берілді. Ал Ақтау қаласына барған 17 дәрігерге 3 млн теңгеден төленді.

Көтерме жәрдемақы алушылардың арасында хирург, педиатр, жалпы практика дәрігері, офтальмолог, онколог, анестезиолог-реаниматолог, невропатолог, рентгенолог, психиатр және неонатолог бар, - делінген ресми хабарламада.

Бүгінде облысқа 280 дәрігер жетіспейді. Осыған байланысты 2024 жылдың сәуір айында мемлекет басшысы тиісті заңға қол қойған болатын. Оған сәйкес, ауылдық жерге жұмысқа келетін аса тапшы мамандықтар бойынша дәрігерлер 100 ең төмен жалақы немесе 8,5 млн теңге мөлшерінде біржолғы төлем алады.

Бұдан бөлек, ауылға медициналық кадрларды тарту үшін әлеуметтік төлемдердің бірыңғай пакеті әзірленді. Ауылдық жерлерде жұмысқа кіріскен жас мамандар ең төменгі пайыздық мөлшерлемемен тұрғын үйге несие, ал жалақыға қосымша ақы ала алады.

Айта кетері, былтыр облыста аудан орталықтарына жұмыс істеуге келген мамандар үшін бюджеттік кредит 2 500 АЕК-ке (9,2 млн теңгеге), ал ауылдық елді мекендер үшін 2 000 АЕК-ке (7,3 млн теңгеге) дейін өсті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: gov.kz
Өзгелердің жаңалығы