6 жасар қызын ұрған әке профилактикалық есепке алынды

Павлодарда алты жастағы қыздың басынан ұрған ер адамның бейнажазбасы жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Павлодар облысының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Сәуле Шәкенева 27 шілдеде ер адамның кішкентай қыздың басынан қолымен және ұялы телефонымен ұрғанын хабарлады.

Сол күні алаңдаушылық білдірген көршілер полицияға хабарласқан. Бірақ олардың айтуынша, құқық бұзушыға ешқандай шара қолданбаған, - деді Сәуле Шәкенева.

Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, көрсетілген мекенжайға бала тіркелген қорғаншылық органдары мен мектеп қызметкерлері бірден шақырылған.

Талқылау барысында заңды өкіл – қыздың анасы жұбайына қатысты шағым жазудан және одан әрі талқылаудан бас тартты. Әкесінен алкоголь ішкені анықталған жоқ, - деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, әкесіне қатысты кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ оларға күтім жасау және күтіп-бағу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін әкімшілік іс қозғалды. 2 тамызда материал сотқа жіберілді. Анасы шағым жазбағанына қарамастан, қыздың әкесіне қатысты әкімшілік іс қозғалған.

Кәмелетке толмаған қыздың қауіпсіздігі мақсатында 30 тәулік мерзімге қорғау ұйғарымы шығарылды. Қыздың әкесі профилактикалық есепке алынды, - деді Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: pixabay.com
Өзгелердің жаңалығы