6 мың қазақстандық «банкрот» атануы мүмкін

«Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заңның аясында 6 мыңнан астам қазақстандық «банкрот» атануы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Елімізде «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң 3 наурыздан бастап іске асырылып жатқанын еске сала кетейік.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов бүгінгі күнге дейін «өзін банкротпын» деп жариялауға қанша адам өтініш бергенін айтты.

Қазіргі таңда ведомстволарымызға 49 мың арыз түсті. Солардың 6 мыңнан астамы өңделіп, оң шешімі қабылданды. Енді 6 айдың ішінде ол азаматтарға «банкрот» мәртебесі берілуі мүмкін. Яғни әзірше бірінші шешім қабылданды, - деп айтты вице-министр.

Біржановтың айтуынша, нақты шешім әлі қабылданған жоқ.

Себебі заңнама бойынша 6 ай мерзім өтуі керек. Сондай-ақ 36 мың арыз берушінің арызы кері қайтарылды. Кей азаматтар соттан тыс банкроттық рәсімінің критерийлеріне сәйкес келмей жатыр. Оның себебі – қарызының мөлшерден жоғары болуы (5,5 млн теңгеден астам – вице-министр), өздерінің активтерінде мүлік немесе автокөлік болуы сияқты сұрақтар туындап жатыр. Бірақ айта кетерлігі, егер біз арызды қайтаратын болсақ, заңнама шеңберінде көрсетілген 3 айдың ішінде қайта арыз бере алады, - деп түсіндірді ол.

Қаржы министрлігінің өкілінің айтуынша, азаматтардың қайта арыз беруге мүмкіндігі бар.

Айта кетейік, заң борышкердің төлем қабілеттілігін әртүрлі құралдар арқылы қалпына келтіруге мүмкіндігін қарастырады: соттан тыс банкроттық, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот банкроттығы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы