6 мың елордалық медицина қызметкеріне үстемеақы төленеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Әлеуметтік медициналық сақтандыру" қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалына республикалық бюджет қаражатынан медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеу үшін 4,3 млрд теңге бөлінді.
Қор қаржы операторы ретінде медицина қызметкерлерінің наурыз-маусым аралығында медицина қызметкерлерінің жалақысына қосымша 32 млрд теңгеден астам үстемеақы төледі. Бұл туралы филиалдың баспасөз қызметі хабарлады.
Қауіпті жағдайда жұмыс істейтін дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің саны ай сайын артуда. Егер наурыз айында үстеме ақыны 1,8 мыңнан астам қызметкер алса, мамыр айында олардың саны 2,4 мың адамға дейін өсті. Енді маусым айына Нұр-Сұлтан қаласы бойынша COVID-19-ға қарсы күрес шараларына атсалысқан 6 мың медицина қызметкеріне төлем жасалады, - деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Айдар Сейітқазинов.Коронавирус бойынша эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлерін ынталандыру және көтермелеу үшін жалақыға қосымша үстемеақы төлеу қарастырылған. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен тәуекел топтар, алушылардың тізімін қалыптастыру тәртібі және төлемдер мөлшері анықталды. Тәуекел топтарына байланысты медицина қызметкерлеріне 212 мың теңгеден (5 АЕК) 850 мың теңгеге дейін (20 АЕК) қосымша ақы төленеді.
Естеріңізге сала кетейік, үстемеақы алушылар тізімін жедел штаб жанынан құрылған өңірлік комиссиялар жасайды. Комиссия төрағасы әкімдердің орынбасарлары, комиссия құрамына Медициналық сақтандыру қоры филиалдарының қызметкерлері, өңірлік мемлекеттік бас санитарлық дәрігер, Денсаулық сақтау басқармаларының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіреді.
Ал, Медициналық сақтандыру қоры өз тарапынан, тізім бойынша деректердің Денсаулық сақтау министрінің "COVID-19 коронавируспен күрес шеңберінде эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлерін қаржылық қолдаудағы кейбір мәселелер туралы" бұйрығына сәйкестігін тексереді.
Егер медицина қызметкерлерінде үстемеақыға қатысты сұрақтар туындаса, өңірлік комиссияға жүгінуі қажет.
Коронавируқа шалдыққан медицина қызметкерлеріне арналған төлем Денсаулық сақтау басқармаларының өңірлік комиссия шешімі негізіндегі өтініші бойынша ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арқылы жүргізіледі.