6 миллиард теңге: Халықаралық іздеудегі Түркия азаматы Қазақстанға жеткізілді

Қазақстанда алаяқтық жасады деп күдікке ілінген Түркия азаматы Черногориядан экстрадицияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы және Ішкі істер министрлігінің Интерпол Ұлттық орталық бюросының қызметкерлері Қазақстанның Черногориядағы Елшілігінің көмегімен аса ірі көлемде қаражат ұрлаған үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында аталған елден түрік азаматын экстрадициялады. 

Тергеу барысында аталған жеке тұлға құрылыс компаниясының басшысы бола отырып, 2022-2024 жылдар аралығында жалған келісімшарттар жасап және үлестес ұйымдар арқылы Алматыдағы тұрғын үй кешендерінің құрылысына арналған 6 миллиард теңгеден астам қаражатты жымқырғаны анықталды. 

Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған. 2025 жылдың наурыз айындада ол Черногорияда ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды, - деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды. Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы