6 маусымға арналған ауа райы болжамы
Қазақстанның бірқатар өңірінде +35 градусқа дейін аптап ыстық болады.
Синоптиктер 2026 жылғы 6 маусымға арналған ауа райы болжамын жариялады. «Қазгидромет» РМК мәліметінше, сенбі күні Қазақстанның басым бөлігінде ауа райының сипаты айтарлықтай өзгермейді.
Мамандардың айтуынша, солтүстік-батыс циклоны мен атмосфералық фронттардың әсерінен еліміздің көптеген өңірінде найзағай ойнап, бұршақ жаууы мүмкін. Батыс аймақтарда нөсер жаңбыр күтіледі. Тек шығыс өңірлерде жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.
Республика бойынша жел күшейіп, солтүстік облыстарда шаңды дауыл тұруы ықтимал. Сонымен қатар түнгі және таңғы уақытта тұман түседі деп болжанып отыр.
Павлодар және Абай облыстарында күн қатты ысып, ауа температурасы +35 градусқа дейін көтеріледі.
Синоптиктер бірқатар өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталатынын ескертті. Абай, Жетісу, Ұлытау, Түркістан облыстарында, сондай-ақ Жамбыл, Павлодар, Алматы, Қызылорда, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Маңғыстау облыстарының жекелеген аудандарында жоғары өрт қаупі күтіледі.
Ал Қарағанды, Қызылорда, Түркістан, Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жетісу және Абай облыстарының бірқатар аумағында төтенше өрт қаупі жарияланды.
Осыған байланысты тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтап, табиғат аясында ашық от жақпау ұсынылады.