6 мамырдан бастап елордалықтар қытайлық «Sina Pharm» вакцинасын еге алады – Мұратов
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы елордадағы эпидемиологиялық жағдай және тұрғындарды COVID-19-ға қарсы вакциналау туралы өткен брифингте Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов айтты.
5 мамырдағы жағдай бойынша 1356 науқас ауруханаларда ем қабылдап жатыр. Оның ішінде коронавирус анықталған адамдар саны 1235, коронавирус анықталмаған пневмониямен 121 адам ауырып жатыр. Жансақтау бөлімінде 103 адам, оның 25-і өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. 4400-ге жуық адам амбулаториялық жағдайда үйде емделіп жатыр, - деді ол.
Мұратов айтқандай, өткен тәулікте 4535 ПТР-сынамасы алынды.
Оның ішінде 235 жаңа жағдай расталса, 75 адамда қайталанған жағдай тіркелді. Пандемия кезінен бастап 1 млн 300 мыңнан астам ПТР-сынама жүргіздік. Қазір ұжымдық иммунитетті қалыптастыру мақсатында жаппай вакцинациялау жүзеге асырылып жатыр. Елорда халқының 60 пайызын вакцинациялау көзделіп отыр. Қазір 118 мың адам вакцина алды, - деді Тимур Мұратов.
Ол атағандай, 5 мамырдағы жағдай бойынша «Спутник V» вакцинасының 30 мың дозасы, қазақстандық вакцинаның 1000 дозасы бар.
Ресейлік вакцинаның күн сайын 15 мың дозасын жеткізіледі. Қазақстандық вакцинаның жеткізілуі бойынша қосымша хабарланады. Сондай-ақ басқарма қоймаларына қытайлық «Sina Pharm» вакцинасы келіп түсті. Бүгін оны медициналық мекемелерге таратып, ертеңнен бастап вакцинациялауға көшеміз. Бұл вакцина да таңдау бойынша жүзеге асырылады, - деді ол.
Бұған дейін Сархат Бейсенов елордадағы эпидемиологиялық жағдай әлі де тұрақсыз екенін айтты.