6 айда жол апатынан мыңға жуық адам қайтыс болған
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова Ішкі істер министрлігінің дәстүрлі брифингінде айтты.
Статистиканың қайғылы көрсеткіштерін келтіретін болсақ – соңғы 5 жылда ел жолдарында жыл сайын 2 мыңнан астам адам қайтыс болады, тағы 20 мыңнан астам адам жарақат алады. Биылғы 6 айда Қазақстанда 6 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 947 адам қаза тауып, 8 110 адам әр түрлі дене жарақатын алды, - деді Боранова.
Ол атағандай, ЖКО басым көпшілігінің негізгі себебі жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол жүрісі қағидаларын саналы түрде бұзуы.
ЖКО-ның 95% жүргізушілердің кінәсінен орын алады. ЖКО себептері бұрынғыдай:жылдамдық режимін асыру, маневр жасау қағидаларын бұзу, қарсы қозғалыс жолағына шығу, жаяу жүргіншілер мен велосипедшілердің ЖҚЕ бұзуы болып отыр.Жылдамдық режимінің сақтамай басқаруға байланысты 1,5 мыңға жуық ЖКО тіркелді, онда 300-ге жуық адам қаза тауып, 2 мыңға жуық адам жарақат алды, - деді ол.
Боранованың айтуынша, ЖКО – да қаза болғандар мен жарақат алғандардың төрттен бір бөлігін жаяу жүргіншілер құрайды.
Онда 200-ден астам адам қаза тауып, 2 мыңға жуық адам жарақат алды.Жаяу жүргіншілердің кінәсінен 200-ге жуық ЖКО орын алған, онда 40-тан астам адам қаза тауып, 150-ге жуық адам жарақат алған, - деді ол.