6 ай бойы аңдыған: Астанада сталкер сотталды

Астана тұрғыны жәбірленушіні жарты жыл бойы аңдып, қорғау нұсқамасын елемеген. Сот оны сталкинг үшін кінәлі деп танып, қоғамдық жұмыстарға тартты және өтелмеген жазасын бас бостандығынан айыруға ауыстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Астана қаласы прокуратурасының мәліметінше, қала тұрғыны жәбірленушінің онымен қарым-қатынас орнатқысы келмейтінін біле тұра, 6 ай бойы оны жүйелі түрде аңдыған.

Байланысты тоқтату туралы талаптарды, мессенджерлердегі бұғаттауды, сондай-ақ қолданыстағы қорғау нұсқамасын елемей, ер адам жәбірленушінің тұрғылықты және жұмыс орны бойынша оны қудалау арқылы, оның келісімінсіз бейнежазбаға түсіріп, психологиялық қысым көрсеткен.

Сотта мемлекеттік айыптаушы жәбірленушінің жеке бас бостандығына, қауіпсіздігіне және жеке өмірінің қол сұғылмаушылығына құқықтарының бұзылуынан әкеп соққан сотталушының кінәсін дәлелдейтін толық әрі жан-жақты айғақтар ұсынды. Сот үкімімен ол сталкинг жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 100 сағат қоғамдық жұмыстарға тартылып, моральдық зиянды өтеу міндеттелді, - деп хабарлады қалалық прокуратура.

Аталған тұлғаның бұған дейін бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеп, оның шарттарын бұзғанын ескере отырып, өтелмеген жаза бөлігі бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Прокуратура заңсыз қудалау үшін 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, сол мөлшерде түзеу жұмыстары, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі қылмыстық жауаптылық көзделгеніне назар аударады.

Еске салайық, бұған дейін Павлодарда WhatsApp пен желі арқылы мазалау фактісіне қатысты тергеу жүргізіп жатқанын хабарладық.

Маңғыстауда да сталкинг деректері тіркелді. Полиция бұрынғы сүйіктісінің мазасын алған жігіттердің үстінен іс қозғады.

Айта кетейік, Шымкентте сталкердің құрбанына айналған марқұм Нұрай Серікбайдың ісі қоғамды дүр сілкіндірді. 2026 жылғы 11 қаңтар күні көпқабатты тұрғын үйдің маңынан 21 жастағы қыздың мәйіті табылған. Куәгерлер марқұмның денесінде пышақ жарақаттары болғанын айтқан. Полиция күдіктінің марқұммен бұрын таныс болғанын мәлімдеді.

Кейін 13 қаңтарда полицияның жедел-іздестіру шаралары барысында Шымкент қаласының 21 жастағы тұрғынын өлтірді деген күдікпен 28 жастағы ер адамды ұстады. Сот оны қамауға алу туралы шешім шығарды, тергеу «Адам өлтіру» бабы бойынша жүргізіліп жатыр.

Пышақ жарақатынан қаза тапқан қыздың туған ағасы әлеуметтік желіде мәлімдеме жариялап, болған оқиғаға қатысты отбасының ұстанымын жеткізді. Марқұмның ағасының айтуынша, Нұрай күдіктімен шамамен бір жылдай таныс болған. Оның сөзінше, ер адам кейіннен қызды алып қашқанымен, Нұрай қашып құтылған. Осыдан кейін күдікті оны аңдып, қоқан-лоқы көрсетуді жалғастырған.

Айта кетейік, бұған дейін Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы Нұрлан Алмасбеков резонанс тудырған студент Нұрай Серікбайдың өлімінен кейін қызметінен босатылған болатын. Сондай-ақ қалалық ПД басшысының бірінші орынбасары атқаратын лауазымдарынан босатылып, бірқатар лауазымды тұлғалар ішкі істер органдарынан қызметтен шығарылды.

Белгілі болғандай, Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалды. Аталған іс ҚР Қылмыстық кодексінің 125-1-бабы – «Неке қиюға мәжбүрлеу» бойынша қозғалған. Кісі өлтіруші өмір бойына бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы