6 адамның өмірін жалмаған БҚО-дағы жол апаты туралы жаңа деректер пайда болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Батыс Қазақстан облысы ТЖД баспасөз қызметі Орал-Атырау автотрассасында алты адамның өмірін жалмаған жантүршігерлік жол апатына қатысты жаңа мәлімет таратты.

Жол-көлік апаты туралы ақпарат жедел басқару орталығына 22 ақпан күні сағат 15:00-де түскен.

Toyota Corolla және Лада Приора көліктері БҚО Ақжайық ауданының Атамекен және Алмалы ауылдарының арасында, яғни Орал-Атырау трассасының 259-шақырымында соқтығысқан. Жол апаты салдарынан екі көліктің де жүргізушісі және Лада көлігінің 4 жолаушысы қайтыс болды. Әртүрлі жарақат алған Toyota Corolla көлігінің жолаушысы Тайпақ аудандық ауруханасына жатқызылды, - делінген облыстық ТЖ хабарламасында.

Полиция департаментінің хабарлауынша, ҚР ҚК 345-бабы, 4-бөлігі «Жол жүру ережесін бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Қылмыстық іс бойынша көліктік және трасологиялық сараптама тағайындалды. Соның нәтижесінде заңды шешім шығарылады.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы