6,5 мың жоба арқылы 255 мың жұмыс орнын ашуға болады - министр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында экономиканы қолдау шаралары бойынша өткен онлайн брифинг кезінде айтты.
Жаһандық теріс трендтердің әсері Қазақстан экономикасына жыл басынан бері әсер етіп келеді. Қазақстан әлемнің өзге елдері сияқты, коронавирус пандемиясы салдарынан іскерлік белсенділіктің төмендеуін бастан кешуде. Бұл ретте әсіресе, ең көп зардап шеккен сала - қызмет көрсету саласы, онда осы жылдың 6 айында төмендеу көрсеткіші 5,6%-ды құраған. Ал, экономиканың нақты секторында тұрақты өсу байқалады. Тауар өндірісі 4,1%-ға өскен. Негізгі драйверлер құрылыс (+11,2%) және өңдеу өнеркәсібі (+4,8%) болып отыр. Автомобиль жасау (46%), фармацевтика (24%), дайын металл бұйымдарын өндіру (20%), жеңіл өнеркәсіп (8%), резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру (8%) және қағаз (15%) есебінен қамтамасыз етілген өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 4,8%-ды құрады. Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау бойынша ауқымды шараларды белсенді іске асыруда, - деді ол.
Министр төтенше жағдай кезеңінде экономиканы тұрақтандыру және халықты қолдау жөніндегі шұғыл жедел шаралардың 2 пакеті қабылданғанын атап өтті. Шаралар жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге, табысынан айырылғандарға төленетін ай сайын төлемдер, әлеуметтік төлемдер, тұрғын үй құрылысы, бюджеттің салық кірістерінің және басқа бағыттарға арналған шығындарды өтеуге бағытталған. Мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері уақытылы төленуде.
Еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге "Жұмыспен қамтудың жол картасы" жаңа бағдарламасы бойынша 1 трлн теңге бөлінді. Аталмыш бағдарламаны іске асыру өңірлердегі халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған көптеген өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Яғни, апатты және үш ауысымды мектептер санын азайту, газдандыру, сапалы жолдар салу, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жаңғырту, сондай-ақ таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жолға қойылмақ. Мысалы, Жамбыл облысында газдандыру жобасын жүзеге асыру нәтижесінде Қордай ауданы ауылдарының 50 мыңнан астам тұрғыны табиғи газға қол жеткізбек. Атырау облысының Құрманғазы ауданында халықты ауыз сумен қамтамасыз ету үшін магистральды су құбыры желілерінің құрылысы жүргізілуде. Мұндай жобалар еліміздің әрбір өңірінде халықтың өмір сүру жағдайын жақсарту жөніндегі өзекті мәселелерді шешеді, - деді ол.
Руслан Дәленовтың мәлімдеуінше, бүгінгі күні 255 мың жұмыс орнын құру жоспары бар 6,5 мың әлеуметтік-маңызды жоба іріктеліп алынды. Оның ішінде аяқталған жобаларда 15 мың тұрақты жұмыс орны сақталады.
123 мың жұмыс орны бар шамамен, 5,9 мың жобаны іске асыру жұмысы басталды. Жұмыспен қамтудың жол картасы аралас салаларда 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құруға негіз болады. 262 мыңнан астам адам "Еңбек" Мемлекеттік бағдарламасына қатысты, оның 184 мыңы жұмысқа орналастырылды, - деді министр.