5G деген не? Артықшылығы мен әлемдік тәжірибе

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 5G бесінші буын байланысы – бұл жай ғана өте жылдам интернет емес, ол қызмет көрсетудің және жалпы өмірдің мүлде басқа сапасы. Алдағы жылдарда жаңа технология қоршаған ортаны қалай өзгертеді? Оның артықшылықтары неде? 

Жаңа технология жайында материалдан толығырақ оқыңыздар.

5G – бесінші буынның ұялы байланыс стандарты, ол сигнал берудің жоғары интернет жылдамдығы.

Мысалы, байланыстың төртінші буыны (4G) бар досыңыз, «Кальмар ойыны» сериалының бірінші эпизодын 10 минутта жүктеп алса, сіз 5G арқылы осы уақыт ішінде барлық сериясын жүктеп ала аласыз.

Бұл жылдамдық бизнес үшін көптеген мүмкіндік ашады, Атап айтқанда, 4G желілерінде болмаған жаңа қызметтерді іске қосуға болады.

Ақпаратты тиімді жеткізу адам дамуының барлық кезеңінде өте маңызды. Әсіресе телекоммуникация маңызды, өйткені ол ақпаратты жылдам таратуға мүмкіндік береді. 

Бұл саладағы жетістіктер өте маңызды. Қазіргі уақытта аз ғана адам 4G желілерінің жылдамдығы бізге жетеді деп айтуы мүмкін. Даму ешқашан тоқтамайды. 

Артықшылықтары

5G технологиясы әртүрлі салаларда қолданылады:

Ойын-сауық. Деректерді берудің жоғары жылдамдығының арқасында 5G желілері ойындар саласында қолданылады. 

Үй. 5G – смарт үй және IoT синонимі. Бүгінгі күні сіз IoT-ге қосылған көптеген құрылғыны таба аласыз. Олар: шамдар, розеткалар, құлыптар, үндеткіштер, тұрмыстық техника. Барлығы бір экожүйеде кідіріссіз жұмыс істеуі үшін деректерді беру жылдамдығы жоғары жақсы байланыс қажет.

Медицина. 5G көмегімен дәрігер мыңдаған шақырым қашықтықтағы науқастарға ультрадыбыстық зерттеу жүргізе алады. Дәрігер нақты кездесудегідей барлық ақпаратты алады.

Көлік. 5G ақылды немесе ұшқышсыз көліктерді дамытуға көмектесетін әлеуетке ие. Смарт жолдармен, бағдаршамдармен, автотұрақтармен, жол белгілерімен өзара әрекеттесу мүмкін болады. Барлық дерек «бұлттық» қоймада тасымалданады және сақталады.

Қазақстанда 5G қалай дамып жатыр

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек елімізде 5G жобасы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы түсіндіріп берді.

Алдыңғы буындарға ұқсас, 5G тек телекоммуникацияның ғана емес, сонымен қатар экономиканың басқа да салаларының дамуына серпін береді. Бесінші буын желілерін корпоративтік ортада IoT кеңінен пайдаланылатын шешімдер үшін, сондай-ақ салаларды (өндіріс, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы) жаңғырту үшін кідірістің төмен деңгейімен өте сенімді байланысты талап ететін қолдануға болады. 5G желілері экономикалық өсуді жеделдете отырып, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыра отырып және бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер жасай отырып, цифрлық экономикада маңызды рөл атқарады деп күтіліп отыр, - деп айтты вице-министр.

5G дамытудың оңтайлы жолдарын түсіну және Қазақстанда жаңа буынның желілік инфрақұрылымын құру үшін министрлік халықаралық тәжірибені — Солтүстік Америка, Еуропа елдерінің, сондай-ақ Жапония, Оңтүстік Корея және Австралия саясаты мен стратегияларын талдады.

Министрлік елімізде радиожиілік спектрін (РЖС) аумақтық қағидат бойынша бөлу бөлігінде 5G енгізу стратегиясын әзірледі, 100 МГц жаппай жолағын бөлу мүмкіндігімен 3,6-3,9 ГГц диапазонындағы жиіліктер босатылды және дайындалды, сондай-ақ республикада 5G технологиясын енгізу және іске асыру мерзімдері анықталды. Радиожиіліктердің шектеулі ұлттық ресурсын тиімді пайдалану мақсатында қазіргі уақытта елімізде РЖС пайдалануға рұқсат алу үшін конкурстар, аукциондар өткізу тәртібін заңнамалық реттеу пысықталып жатыр, - деп түсіндірді Асхат Оразбек.

Оның сөзінше, жоғарыда айтылған заңнамалық түзетулер қабылданғаннан кейін министрлік Радиожиіліктер жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қарауына 5G стандарты желілерінде байланыс қызметтерін көрсету үшін радиожиілік спектрін пайдалану құқығына конкурс, аукцион өткізу туралы мәселені шығаруды жоспарлап отыр.

Бүгінгі күні «Қазақтелеком» АҚ, «Кар-Тел» ЖШС, «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС, «Кселл» АҚ 3650-3800 МГц диапазонында 100 МГц жолағымен ҚР-да 5G стандартының бесінші буынын ұтқыр байланысты тестілеуді ұйымдастыру құқығын алды.

Қазақстанда 5G желілерін іске қосу 2022 жылдың соңына қарай республикалық маңызы бар қалаларда, атап айтқанда, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, 2023-2025 жылдары облысы орталықтарында жоспарланып отыр.

5G-ді қалай пайдалануға болады?

Жаңа буын мобильді желінің барлық мүмкіндіuін пайдалану үшін біз осы стандартты қолдайтын құрылғыны сатып алуымыз керек. Сонымен қатар базалық станцияның қолжетімді жерінде болуымыз қажет.

5G модемдерімен жабдықталған алғашқы смартфондар нарықта пайда болады. Дегенмен, жаңа байланыс стандарты бірнеше жылдан кейін ғана танымал болады. Сарапшылар бұл кезең бес жылға созылуы мүмкін деп санайды.

GSMA ұялы байланыс операторларының халықаралық сауда ұйымының бағалауы бойынша, 2025 жылға қарай ұялы телефондардың жартысы ғана жаңа 5G желісін пайдаланса, қалғандары ескі технологиялармен – 4G және 3G-мен жұмыс істейді.

5G енгізуге кім жауапты?

5G стандартына әртүрлі ұйымдар тапсырыс беруде, бірақ ол осы стандарт үшін жасалған Халықаралық электр байланысы одағының шектеулеріне сәйкес келуі керек. Халықаралық электр байланысы одағы (бұрынғы Халықаралық телеграф одағы) 193 елді біріктіреді.

5G желілерінде қолданылатын технологиялардың бірі — NR-3GPP жасаған жаңа деректер беру стандарты. Дәл осы ұйым LTE деп аталатын 4G желілері үшін ұқсас технологияға жауап береді. NR-ді бүкіл әлемде кеңінен қолдану мүмкіндігі жоғары. 3GPP ұйымында Еуропа, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Үндістан және АҚШ-тан келген жеті ұйымдастырушылық мүше бар.

Әлемдік практика

2015 жылы Халықаралық электр байланысы одағы жаңа ұялы байланыс стандартын әзірлеудің жол картасын әзірледі.

Бірнеше жыл бойы алғашқы жоба пайда болып, сынақтан өтті. 2018 жылдың қазан айында американдық Verizon операторы әлемдегі алғашқы коммерциялық 5G желісінің іске қосылғаны туралы хабарлады.Бірақ әзірге бұл толыққанды ұялы байланыс емес, тек үйдегі интернет туралы болды.

2018 жылы қытайлықтар Чунцин аудандарының бірінде сынақ желісін іске қосты. Оңтүстік Кореяда жаңа технологияны 2018 жылдың ақпан айында, Пхенчхандағы қысқы Олимпиада ойындары кезінде сынады, ал 2019 жылдың сәуірінен бастап елдің астанасы Сеулде коммерциялық 5G желісі жұмыс іске қосылды. 

Еуропалықтар да үлкен жетістіктерге жетті. Еуропада 5G байланысы Германияда, Венгрияда, Австрияда, Италияда, Ұлыбританияда қазірдің өзінде қолжетімді. 2019 жылдың 17 сәуірінде 5G байланысы Швейцарияның кейбір қалаларында қосылды.

Ресейде 5G пилоттық жобалары 2016 жылы пайда болды. 2021 жылдың наурызында МТС Ресейдегі алғашқы 5G пилоттық желісін 4,9 ГГц диапазонында іске қосты. Желіге Мәскеудің 14 жерінде шектеулі клиенттер ғана қол жеткізді. Көп ұзамай МТС Санкт-Петербургте 5G пилоттық желілерін іске қосты, онда қызмет қаланың танымал 16 жерінде қосылды.

Факт

G әрпі – Generation сөзінен қысқартылып алынған. Ол «ұрпақ» деп аударылады. Ең алғашқы 1G бірінші буыны 1980 жылдары пайда болды.

2024 жылға қарай 1,5 миллиард адам 5G желісіне қосылады деп болжанып отыр. Бірақ әзірге бірыңғай 5G стандарты жоқ - инфрақұрылым мен технологиялардың бірқатар сынағы жүргізіліп жатыр. Коммерциялық қолжетімді 5G құрылғылары өте аз. Бастапқыда тіпті 5G құрылғылары жиілікті қайта өңдеу бойынша жұмыс істейді, яғни 4G қызмет көрсететін инфрақұрылымды пайдаланады. Бірақ бұл стандарт смартфон өндірушілеріне көбірек талап қояды: оны ұстап тұру үшін қуатты батарея қажет болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы