«57 мың теңгеге өмір сүру мүмкін емес». 2024 жылы зейнетақы қанша теңгеге өседі?

Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов зейнетақының мөлшері төмен екенін айтып, оны ең төменгі жалақы мөлшерімен теңестіру қажет екенін ұсынған еді. Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова депутаттың сауалына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«57 853 теңгеге өмір сүру мүмкін емес»

Зейнеткерлерге лайықты әрі жақсы зейнетақы төлеу – ел тұрғындарын қорғау элементі. Елдердегі зейнетақы мөлшері негізінде сол елдің экономикалық даму деңгейін, демографиялық жағдайды және әлеуметтік саладағы мемлекеттік саясатты анықтауға болады. Қарапайым халықтың әл-ауқаты қаншалықты жақсарып жатқаны мемлекеттік жәрдемақылар мөлшерінің артуынан байқалады.

Қазақстанда 30 жыл ішінде әлеуметтік сала бойынша шешімін таппаған ең басты мәселе ретінде – халықтың әлеуметтік жағдайының төмендігін айтуға болады. Еліміз бай болса да, әлеуметтік қолдауды қажет ететін аз қамтылған халық саны жыл сайын артып отыр. Мемлекет белгілеген ең төменгі зейнетақы мөлшерi – 57 853 теңгеге өмір сүру мүмкін емес, - деп атап өтті Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов.

Депутат зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін ең төменгі жалақы мөлшерімен теңестіру қажеттігін ұсынды. Оның сөзінше, зейнетақы жүйесіндегі тиімді өзгерістер – зейнеткерлердің әлеуметтік жағдайының, өмір сүру сапасының азда болса артуының бірден-бір көрсеткіші. Біздің елде зейнеткердің ең төменгі зейнетақысы дәрі-дәрмек пен дұрыс демалуды айтпағанда, тамағына әрең жетеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Жолдауында ең төменгі жалақы мөлшерін біртіндеп арттыруды тапсырып келеді. Биыл ең төменгі жалақы 70 мың теңгеге көтерілсе, келесі жылы 85 мың теңгеге дейін жеткізу міндеті қойылды. Ал, осы ең төменгі жалақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейін ескере отырып бекітіледі. Сондықтан да зейнетақының ең төменгі мөлшерлемесін ең төменгі жалақымен теңестіру – Үкімет алдындағы кезек күттірмейтін өзекті мәселелердің бірі болуы қажет деп есептеймін, - деп айтты Жұбанов.

Оның айтуынша, мемлекет азаматтардың ең төменгі жалақы деңгейінен төмен емес зейнетақы алуына кепілдік беруі қажет. Әлемнің кейбір елдерінде адамның зейнетақысы белгіленген ең төменгі мөлшерден төмен болса, онда мұндай зейнеткерге әлеуметтік үстемеақы төлеу тәжірибесі бар.

Ең төменгі зейнетақыны алатын кім деген сұрақ туындайды? Ол, еңбек өтілімі жоқ, зейнетақы қорына ақшасы салынбаған адам. Ондай адамдар көбіне ауылдық жердің тұрғындары. Ауыл тұрғынында еңбек өтілімі қайдан болады, егер сол кездегі мемлекет басшысы жасап тұрған совхоздар мен колхоздарды күшпен таратып, енді біз етті Бразилия, Аргентинадан аламыз десе? Сол себепті халықтың осындай жағдайға тап болғанына биліктің де кінәсі зор, - дейді Әділ Жұбанов.

Депутаттар Үкіметке жаңа зейнетақы реформасын жасақтап, ең төменгі зейнетақыны мөлшерлемесін ең төменгі жалақы мөлшерімен теңестіруді ұсынды.

2024 жылы зейнетақы өседі

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова ең төменгі зейнетақы мөлшерін ең төменгі жалақы мөлшеріне теңестіруге қатысты депутаттардың сауалына жауап берді.

Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес жасына байланысты зейнетақының ең төменгі мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтарға ерлерде кемінде 25 жыл, әйелдерге – 20 жыл еңбек өтілі болып, зейнеткерлікке дейінгі кезеңінде табыс туралы мәліметтер болмаған кезде немесе табыс төмен болса тағайындалады.

Базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 және одан аз жыл немесе мүлдем еңбек өтілі жоқ адамдарға беріледі. Ал зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жылдан астам болса, оның мөлшері әр жыл үшін 2 пайызға ұлғаяды және ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызынан аспауы тиіс, - деп түсіндірді вице-премьер.

Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша базалық зейнетақының мөлшері жыл сайын кезең-кезеңімен арттырылады. Ең төменгі базалық зейнетақы 70%-ға дейін, ал ең жоғары зейнетақы - тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 120%-на дейін өседі.

Мысалы, егер 2023 жылы 1998 жылға дейін ер адамның еңбек өтілі 25 жыл болса бүгінде ол жалпы 89 587 теңге мөлшерінде зейнетақы төлемдерін алады (53 076 теңге - жасына байланысты зейнетақы, 36 511 теңге - базалық зейнетақы), бұл ең төменгі жалақы (70 мың теңге) мөлшерінен 19 мыңға жоғары. Ал 2024 жылы барлығы 99 090 теңге зейнетақы төлемдерін алады (57 853 теңге - жасына байланысты зейнетақы, 41 237 теңге - базалық зейнетақы), бұл да ең төменгі жалақы (85 мың теңге) мөлшерінен 14 мыңға артық, - деп айтты Тамара Дүйсенова өз жауабында.

Алдағы уақытта ортақ зейнетақы мөлшерін қолайлы деңгейде ұстап тұру үшін олардың мөлшері жыл сайын кезең-кезеңімен арттырылып отырады.

Бұған дейін 2024 жылы зейнетақының қандай түрлері және оларды қанша теңгеге көбейту жоспарланып отырғаны жайлы жазған болатынбыз. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы