13 Қазан 2026, 16:34 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

57 млрд теңге үнемделді: Министр мектептер мен медицинадағы тексеріс туралы айтты

Цифрлық бақылау арқылы медицинада 23,4 млрд, білім беру саласында 34 млрд теңге үнемделді.

Қазақстанда 2026 жылдың тоғыз айында цифрлық бақылау жүйесі денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы қаржылық шығындардың алдын алып, 57 млрд теңгеден астам қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берді. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Тәкиев Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызметтерді сатып алу мен олардың ақысын төлеуге бақылау күшейтілді. Qalqan платформасында бақылау тетігі медициналық қызметтің 57 түрі бойынша жұмыс істеп тұр.

Министрдің айтуынша, мониторинг пен алаяқтықтың алдын алуға арналған жүйенің көмегімен тоғыз айда 23,4 млрд теңге көлеміндегі қаржылық шығынның алдын алуға мүмкіндік туған.

Есепті кезеңде республикалық бюджеттен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын қаржыландыруға 1 трлн 204,8 млрд теңге бөлінген.

Ал білім беру саласында тағы 34 млрд теңге үнемделген.

Қаржыландырудың цифрлық жүйесіне 6 634 мектеп көшірілген. Оқушылар туралы деректерді тексеру арқылы бір оқушының бірнеше рет есепке алынуы немесе оқушылар саны туралы жалған мәліметтердің енгізілуі сияқты заңбұзушылықтарды анықтауға болады.

Осындай салыстырып тексеру нәтижесінде бюджет шығыны 34 млрд теңгеге қысқарған.

Министрдің хабарлауынша, биыл Қаржы орталығы арқылы 821 млрд теңге қаржыландырылған. Жыл соңына дейін қаржыландыру көлемін 1,6 трлн теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Бюджет кірістері қандай?

Жалпы, мемлекеттік бюджеттің трансферттерді есептемегендегі кірістері тоғыз айда 20,2 трлн теңгені құрады. Бұл жоспардың 98,5%-ына тең.

Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда түсімдер 16,3%-ға немесе 2,8 трлн теңгеге өскен. Ал салық түсімдері 3 трлн теңгеге артқан.

Сонымен қатар жергілікті бюджеттерге 278,3 млрд теңге көлемінде кіріс түспеген. Тоғыз өңірде кірістер жоспары орындалмаған. Ең үлкен ауытқулар Атырау, Павлодар және Маңғыстау облыстарында тіркелген.

Тоғыз айда мемлекеттік бюджет шығыстары 26,2 трлн теңгені құрады. Республикалық бюджеттен 5,3 трлн теңге зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге, 4,4 трлн теңге өңірлерді қолдауға, ал 2 трлн теңге экономиканың нақты секторына бағытталған.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан экономикасы жыл басынан бері 4,2%-ға өскенін хабарладық. Мұнай өндірісінің қысқаруы, теңгенің нығаюы және тұтынушылық кредиттеудің баяулауы экономикалық өсімді тежеп отыр.

Белгілі болғандай, 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында мемлекеттік бюджетке 19,3 трлн теңге салық түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 трлн теңгеге немесе 18,2%-ға көп.

Тағы оқи отырыңыз: Үкімет: Қазақстанда жеке инвестициялар 18,2%-ға өсті