560 мыңнан астам бала тегін үйірмелермен қамтамасыз етіледі – министр

Бұқаралық спортты, оның ішінде спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерді дамыту аса маңызды. Мәдениет және спорт министрі алқа отырысында осылай деп мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес былтыр мемлекеттік тапсырыс аясында 4 жастан 17 жасқа дейінгі 400 мыңнан астам (402 761) бала мен жасөспірім шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларына қатысқан, – деп мәлімдеді Асхат Оралов спорт және дене шынықтыру саласындағы негізгі міндеттерге арналған кеңейтілген алқа отырысында.

Айтуынша, бұл жоба жалғасын табады.

Нақты айтқанда, балалардың әлеуетін арттыру мақсатында өңірлерде 86,7 млрд теңге қаражат бөлініп, нәтижесінде 560 мыңнан астам бала мен жасөспірім тегін спорт секциясымен немесе шығармашылық үйірмемен қамтамасыз етіледі. Ендігі кезекте, өңірлер процедуралық мәселелерді жеделдетіп, тез арада жұмысқа кірісу қажет. Осы орайда облыстық спорт басқарма басшыларымен бірлесіп жұмыс істеу, Мемлекет басшысы тапсырмасын сапалы орындау – ортақ міндет деп білемін, – деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ оның атап өтуінше, дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясаттың стратегиялық мақсаттары мен міндеттері, сондай-ақ саланы дамытудың өзекті мәселелері мен оларды іске асыру тетіктері сала дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасында айқындалған. 

Құжат жобасында Мемлекет басшысының тапсырмалары, «Дені сау ұлт» ұлттық жобасының барлық көрсеткіштері мен іс-шаралары интеграцияланған, – деді Оралов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы