56 жастағы миллионер еден жуушы болып жұмыс істейді
56 жастағы жапон азаматы Коити Мацубара жыл сайын жылжымайтын мүліктен және инвестициялардан шамамен 30 миллион иен табыс табады. Соған қарамастан, ол аптасына үш рет еден жуушы болып жұмыс істейді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы South China Morning Post басылымыжазды. Мацубара аптасына үш күн, күніне төрт сағат жұмыс істейді. Айтуынша, мұндай қарапайым жұмыс оған денсаулығын сақтап, белсенді өмір сүруге көмектеседі.
Менің әр күнім белгілі бір іспен толы болғанын қалаймын. Сол кезде өзімді сергек әрі ойы жүйелі адам ретінде сезінемін, – дейді ол.
Еден жуушы ретіндегі еңбекақысы айына 100 мың иен (шамамен 270 мың теңге). Бұл – Токиодағы орташа жалақыдан (350 мың иен) әлдеқайда төмен.
Мацубара арзан пәтерде тұрады, тамақты өзі пісіреді, велосипедпен жүреді және соңғы 10 жылда өзіне жаңа киім сатып алмаған. 60 жасқа толғанда зейнетке шығуды жоспарлап отыр.
Оның қаржылық тәуелсіздік жолы жас кезінен басталған. Коити толық емес отбасында өскен, сондықтан бала кезінен-ақ ақша жинауға үйренген. Мектеп бітірген соң зауытта бірнеше жыл еңбек етіп, қатаң үнемдеудің арқасында 3 миллион иен жинаған. Сол қаржыға өз өміріндегі алғашқы шағын студиясын сатып алған.
Ол кезде жылжымайтын мүлік нарығы құлдыраудың ең төменгі сатысында еді. Мен жалдау үзілісін болдырмауға тырыстым және ипотеканы мерзімінен бұрын өтеп, біртіндеп меншікті нысандар санын арттыра бастадым, – дейді Мацубара.
Қазір оның Токио мен қала маңындағы жеті пәтері, сондай-ақ акциялар мен инвестициялық қорлары бар.
Коити Мацубараның өмір философиясы қарапайым:
Ақша — еркіндік береді, бірақ өмірдің мәні — белсенді болу мен еңбек ету, — дейді ол.