56 тонна қымыз, 70 мыңнан астам қонақ: «BaiQymyz-2026» фестивалінің жеңімпаздары анықталды
Бас жүлдені Ақмола облысы Бурабай ауданынан келген «Qymyznai Qymyzy» иеленді.
Астанада өткен «BaiQymyz-2026» халықаралық фестивалі аясында ұлттық сусын – қымызды дәріптеуге арналған байқаудың қорытындысы шығарылды. Екі күнге созылған шараға 70 мыңнан астам адам қатысып, қонақтарға жалпы көлемі 56 тонна қымыз ұсынылды. Бұл туралы Астана қаласының әкімдігі мәлім етті.
Фестивальге Қазақстанның түрлі өңірлерінен және шетелден келген қымыз өндірушілер қатысып, өз өнімдерін таныстырды. Байқауда қымыздың сапасы, дәмі, дайындалу ерекшелігі және ұлттық дәстүрге сәйкестігі бағаланды.
Бас жүлдені Ақмола облысы Бурабай ауданынан келген «Qymyznai Qymyzy» иеленді. Алтын жүлде Ақмола облысы Ақкөл ауданындағы «Ағабек ата ерекше қымызына», күміс жүлде Ақмола облысы Целиноград ауданындағы «Saryarqanyn saf qymyzy» өніміне, қола жүлде Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы «Qarakush» қымызына бұйырды.
Сонымен қатар «Ем қымыз», «Халық таңдауы», «Алтын күбі», «Алтын саба», «Алтын шара», «Күміс тостаған», «Күміс торсық», «Қымыз серті», «Жайлау дәмі», «Дәстүр сақтаушы», «Үздік дизайн» және «Дәм шебері» аталымдары бойынша да үздік өндірушілер марапатталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің басты мақсаты – қымыз өндірісін дамыту, ұлттық тағам мәдениетін насихаттау және отандық өндірушілерді қолдау.