56 күн. Мұғалімдердің еңбек демалысы қалай төленеді

25 мамырда оқу жылы аяқталады. Оқушылардың емтихандары біткен соң мұғалімдер жыл сайынғы еңбек демалысына шыға бастайды. Осы ретте еңбек демалысы қалай есептелетінін, оның ақысы қалай төленетінін есептеп көрейік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстанда еңбек демалысының қандай түрі бар?

Жұмыскерлерге демалыстың мынадай түрлері беріледі:

  • төленетін жылсайынғы еңбек демалыстары;
  • әлеуметтік демалыстар.

Жыл сайынғы еңбек демалысы жұмыскердің демалу, еңбекке қабілеттілігін бұрынғы қалпына келтіру, денсаулығын әрі жеке қажеттіліктерін қамалу үшін көзделген әрі айқын күнтізбелік күндеріне жұмыс орынның (мамандығының) сақаталуымен әрі орта айлық төлемімен беріледі.

Жұмыскерлерге келесі төленетін жыл сайынғы еңбек демалыстары беріледі:

  • негізгі төленетін жыл сайынғы еңбек демалысы;
  • қосымша төленетін жыл сайынғы еңбек демалысы.

Жұмыскерлерге әлеуметтік демалыстардың мынадай түрлері беріледі:

  • жалақысы сақталмайтын демалыс;
  • оқу демалысы;
  • баланың тууына байланысты, жаңа туған баланы асырап алуына байланысты демалыс;
  • баланың үш жасына келгеніне дейін жалақысы сақталмайтын демалыс;
  • бір жыл ішінде үш жұмыс күнінен аспайтын көлемде скринингтік зерттеулерден өтуге арналған демалыс;
  • кемінде үш жұмыс күні көлемінде он екі аптаға дейін жүктілігі бойынша медициналық есепке қоюға арналған демалыс.

Әлеуметтік демалыс деп ана болуға, скринингтік зерттеулерден өтуге, балалар күтіміне, өндірістен қол үзбей білім алуға қолайлы жағдайлар жасау мақсатында және өзге де әлеуметтік мақсаттар үшін жұмыскерді белгілі бір кезеңге жұмыстан босату деп түсіндіріледі.

Еңбек демалысы жұмыс берушінің актімен рәсімделеді.

Жалақысы сақталмайтын демалыстар:

Еңбек шартының екі жағынан келісімі бойынша жұмысшыға оның өтініші бойынша төлемақысыз еңбек демалысы берілуі мүмкін.

Төлемақысыз еңбек демалысының ұзақтылығы жұмысшы мен жұмыс берушінің арасындағы келісімі бойынша орнатылады.

Жұмысшының ескертуі бойынша жұмыс беруші төлемақысы сақталмайтын күнтізбелік бес күнге дейін еңбек демалысын келесі жағдайлары бойынша беру қажет:

  • неке қию
  • баланың тууы;
  • жақын туыстары, сондай-ақ зайыбы (жұбайы) және (немесе) олардың жекжаттары (ата-анасы бір және ата-анасы бөлек ағалы-інілер мен апалы-сіңлілер (қарындастар), ата-аналары (ата-анасы), балалары, атасы, әжесі, немерелері) қайтыс болғанда;
  • еңбек әрі ұжым шартымен көзделген басқа жағдайларда.

Мұғалімдерге қанша күн демалыс беріледі?

Педагогтерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының 2 түрі беріледі: негізгі және қосымша.

«Педагог мәртебесі туралы» заңға сәйкес әрбір педагог ұзақтығы күнтізбе бойынша 56 күндік негізгі еңбек демалысын алуға құқылы.

Білім беру ұйымдары көп жағдайларда жеке лауазымдардың (мектепалды сынып тәрбиешісі, музыка жетекшісі, аккомпаниатор, концертмейстер, көркемдік жетекші, хореограф, аудармашы-дактилолог (сурдоаудармашы), вожатый, жастар ісі жөніндегі инспекторы, өндірістік оқыту шебері) педагогтеріне демалыс күндерін қысқартады.

Естеріңізге сала кетейік, аталған лауазымдардың педагогтері стандартты демалыс алуы керек (күнтізбелік 56 күн). Толық емес жұмыс күні бойынша жұмыс істейтін педагогтерге де осындай күндер беріледі.

Экологиялық қолайсыз аумақтарында және радиациялық қаупі бар аумақтарында тұратын педагогтер үшін қосымша демалыс қарастырылған.

Экологиялық қолайсыз аумақтарда тұратын педагогтер үшін қосымша демалыстың ұзақтығы 7 күннен 12 күнге дейінгі мерзімді құрайды.

Радиациялық қауiптi аумақтарда тұратын педагогтер 5 күннен 14 күнге дейінгі мерзімді құрайтын қосымша демалысқа құқылы.

Мұғалімдердің еңбек демалысы мен сауықтыру жәрдемақысын есептеу алгоритмі

Мереке күндер еңбек демалысында есептелмейді. Еңбек демалысын беру кезінде нақты жұмыс істеген уақыт қана есепке алынады.

Еңбек демалысы орташа күндік жалақыны демалыс күндерінің санына көбейту арқылы есептеледі. Орташа күндік табыс 12 айдағы есептелген жалақы сомасын нақты жұмыс істеген күндер санына бөлу арқылы есептеледі.

Егер мұғалім бір жылдан аз уақыт жұмыс істеген болса, онда орташа күндік жалақыны есептеу үшін нақты жұмыс істеген айлар ғана есепке алынады.

Еңбек демалысын пайдаланбаған немесе оны толық пайдаланбаған мұғалімге өтемақы төленеді. Өтемақыны есептеу үшін орташа күндік табыс пайдаланылмаған демалыс күндерінің санына көбейтіледі.

Еңбек демалысының төлемінен және өтемақыдан салық ұсталады.

"Отпуск" ақшасы қашан түседі?

Әрбір білім беру ұйымы еңбек демалысының төлемдерін уақытылы төлеуге жауапты.

Еңбек демалысының төлемі демалыс басталғанға дейінгі 3 жұмыс күнінен кешіктірілмей төленеді. Егер педагогтың еңбек демалысы демалыс кестесіне сәйкес келмесе, оған төлем демалыс берілген күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірмей төленуі тиіс.

Еңбек демалысын беру кезінде сауықтыруға арналған жәрдемақы лауазымдық жалақы мөлшерінде төленеді.

Білім беру ұйымдарының штаттық қызметкерлерінің (директор, әдіскер, әлеуметтік педагог, педагог-психолог, педагог-ассистент және басқалар) лауазымдық жалақысының мөлшері базалық жалақыны тиісті коэффициентке көбейту арқылы айқындалады.

Пән мұғалімдері үшін нормативтік оқу жүктемесі белгіленеді, сондықтан олардың лауазымдық жалақы мөлшері лауазымдық ақыны нақты оқу жүктемесіне көбейту және шыққан туындыны апталық нормативтік оқу жүктемесіне бөлу арқылы анықталады.

Нәтижесінде қосымша ақылар мен үстемеақыларды қамтымайтын жалақының негізгі бөлігі есептелінеді.

Нормативтік жүктемесі бар педагогтерге сауықтыруға арналған жәрдемақының мөлшері олардың еңбек демалысы берілген күнгі нақты оқу жүктемесінен есептеледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы