31 Шілде 2026, 12:45 Фото: ©BAQ.KZ архиві

550 шетелдік Қазақстан университеттерінде тегін оқиды

Қазақстанда 550 шетелдік талапкерге білім гранты берілді

2026-2027 оқу жылына әлемнің 49 елінен 550 шетелдік талапкер Қазақстан жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

2026-2027 оқу жылына арналған Қазақстан Республикасының азаматтығы жоқ шетел азаматтарына, оның ішінде қазақ ұлтының өкілдеріне арналған мемлекеттік стипендиялық бағдарлама бойынша конкурстық іріктеу аяқталды. Нәтижесінде 550 грант иегерінің негізгі тізімі бекітілді.

Бұл бағдарлама 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Оның мақсаты – халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамыту және талантты шетелдік жастарды Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарына тарту.

Биыл бағдарлама аясында:

  • бакалавриатқа – 490 грант;
  • магистратураға – 50 грант;
  • докторантураға – 10 грант бөлінді.

Конкурсқа әлемнің 71 елінен 16 098 үміткер қатысты. Олардың едәуір бөлігін Қазақстан азаматтығы жоқ этникалық қазақтар – қандастар құрады. Бағдарлама осы санаттағы жастардың Қазақстанда білім алуына және тарихи Отанымен байланысын нығайтуға мүмкіндік береді.

Биыл мемлекеттік стипендиялық бағдарламаны іске асыруға Қазақстанның 27 жоғары оқу орны қатысып, талапкерлерге 886 білім беру бағдарламасын ұсынды.

Грант иегерлерінің басым бөлігі Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде, Astana IT University-де, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде және басқа да жоғары оқу орындарында білім алады.

Биыл бағдарламаға қатысушылардың географиясы кеңейді. Мысалы, 2025 жылы грант иегерлері 26 елден болса, биыл олардың қатары 49 мемлекетке жетті.

Ең көп өтінім Палестина, Индонезия, Ресей, Өзбекстан және Ауғанстан азаматтарынан түскен. Ал биыл алғаш рет АҚШ, Италия, Германия, Мальдив Республикасы және Корея Республикасының азаматтары да мемлекеттік стипендия иегері атанды.

Министрліктің мәліметінше, бағдарлама Қазақстанның Орталық Азиядағы білім беру хабы ретіндегі беделін нығайтып, қазақстандық жоғары оқу орындарына шетелдік студенттерді тартуға және халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.

Айта кетейік, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сапасыз жоғары оқу орындарын жабу жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеген еді.