550-ге жуық шымкенттік АӘК алу үшін табысын жасырған
Шымкентте атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алу мақсатында табысын төмендетіп көрсеткен 550-ге жуық адам анықталды. Бұл туралы бүгін қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Мониторингтік топ жүргізген тексеру кезінде 13 жұмыс беруші мен 34 қызметкердің жұмыс орындарында болмағаны белгілі болды.
Әкімдік өкілінің айтуынша, қалада АӘК алатын отбасылар саны жыл сайын азайып келеді, сәйкесінше бұл бағытқа бөлінетін бюджет көлемі де қысқаруда. Өйткені АӘК тек нақты мұқтаж жандарға ғана тағайындалады. Әрбір өтініш арнайы комиссияның толық тексеруінен өтеді.
Биыл Шымкентте аз қамтылған тұрғындарға шамамен 2 млрд теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек төленген.
Комиссия отбасын толық зерттегеннен кейін барлық талаптарға сай болса, АӘК тағайындалады. Қазір қалада атаулы әлеуметтік көмек алатын – 1200-ге жуық отбасы. Бұрын бұл көрсеткіш 5016 отбасы болған. Деректер тоқсан сайын қайта қаралады. Тіпті жылына бір рет көмек алған отбасының өзі жалпы статистикаға кіреді, – деді Сәрсен Құранбек.
Тексеру барысында мемлекеттік қолдауды заңсыз алмақ болғандар да анықталған. Бірқатар азамат жеке кәсіпкерлермен жалған жұмыс келісімшартын жасап, іс жүзінде жұмыс істемей, ресми түрде ең төменгі жалақы алушылар ретінде көрсетілген. Осылайша олар АӘК алуға мүмкіншілік жасаған.
1 208 адамның құжаттарын зерттеу нәтижесінде 314 кәсіпкердің 545 адамды іс жүзінде жұмыспен қамтымағаны анықталды. Жалақы төлеу үшін кәсіпкерде кіріс болуы керек, бірақ олардың көпшілігінің айналымы нөлге тең, – деді әкім орынбасары.
Тексеру арқылы 34 адамның мүлдем жұмыс орнында болмағаны белгілі болды. Енді осындай деректер бойынша АӘК тағайындаудан бас тарту жөнінде шешімдер қабылданып жатыр.
Статистикаға сүйенсек, 2023 жылы қалада аз қамтылған отбасылар саны 12 мыңнан асқан. Бір жылдан кейін бұл көрсеткіш 8 800-ге дейін төмендеді. Ал 2025 жылдың алғашқы 10 айында олардың саны 5 мыңның шамасында.