55 жасқа жетпей зейнетақы алуға болады: Қазақстанда кімге рұқсат беріледі?
Қазақстанда зейнетақы аннуитеті бойынша 2026 жылдың алғашқы сегіз айында 81,5 млрд теңге сақтандыру төлемі жасалды. Ал сақтандыру жарналарының көлемі 624,7 млрд теңгеге жетті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы аннуитетінің қалай жұмыс істейтінін, оны неше жастан рәсімдеуге болатынын және қандай талаптар қойылатынын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Зейнетақы аннуитеті - азаматтың зейнетақы жинағын өмірді сақтандыру компаниясына аударып, оның орнына өмір бойы тұрақты төлем алуына мүмкіндік беретін тетік. Төлемдердің жалпы сомасы бастапқыда аударылған қаражаттан асып кетсе де, сақтандыру компаниясы төлем жасауды жалғастырады.
Зейнетақы аннуитетін неше жастан рәсімдеуге болады?
2026 жылы зейнетақы аннуитетін рәсімдеп, төлемді бірден ала бастау үшін ерлер кемінде 55 жасқа, әйелдер 53 жасқа толуы керек.
Ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары кемінде 60 ай бойы төленген азаматтар жеткілікті зейнетақы жинағы болған жағдайда 50 жастан бастап төлем ала алады.
Бұдан бөлек, кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитетін рәсімдеуге болады. Оның шарттарын алдын ала белгілеуге мүмкіндік бар. Мұндай келісімшартты 45 жастан бастап, ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары кемінде 60 ай бойы төленген жағдайда 40 жастан бастап жасауға болады. Бұл ретте төлемдер заңнамада және келісімшартта белгіленген жасқа жеткеннен кейін басталады.
Қанша ақша жинау керек?
Аннуитет рәсімдеу үшін белгіленген жасқа толумен қатар, зейнетақы жинағында жеткілікті қаражат болуы қажет. Қажетті сома әр адамға жеке есептеледі. Есептеу кезінде азаматтың жасы мен болашақ төлемдердің мөлшері ескеріледі.
Келісімшарт жасамас бұрын сақтандыру ұйымдарының ұсыныстарын салыстырып, төлем мөлшері мен өзге де талаптарын мұқият зерделеген жөн.
Төлем жыл сайын өсе ме?
Зейнетақы аннуитеті бойынша сақтандыру төлемдері жыл сайын индекстеледі. Заңнамада белгіленген индексация мөлшері кемінде 8%-ды құрайды. Төлемдердің нақты мөлшері мен шарттары келісімшартта көрсетіледі.
Сонымен қатар келісімшартта төлемдерге кепілдік берілетін кезеңді қарастыруға болады. Егер сақтандырылған адам осы кезең аяқталғанға дейін қайтыс болса, төлемдер келісімшартта көзделген тәртіппен мұрагерлеріне берілуі мүмкін.
Бұл тетікті Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтың қалған бөлігін мұраға қалдыру тәртібімен шатастырмаған жөн. Бұлар - екі бөлек мәселе.
Аннуитет рәсімдеген адам жұмыс істей ала ма?
Иә. Зейнетақы аннуитеті бойынша төлем алып жүрген азамат жұмысын жалғастыра алады. Алайда аннуитет рәсімдеу мемлекеттік зейнетақыны мерзімінен бұрын тағайындауды білдірмейді. Мемлекеттік зейнетақы алу құқығы заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес анықталады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Мемлекеттік аннуитеттік компания да осы қызметті ұсынады. Компания мамандары зейнетақы жинағының жеткіліктілігін есептеу және болашақ төлем мөлшерін анықтау бойынша кеңес береді.
Сондай-ақ азаматтар БЖЗҚ-ның ресми сайтындағы болжамды зейнетақы калькуляторын пайдаланып, болашақ төлемдерін есептей алады.
Зейнетақы аннуитетін рәсімдемес бұрын сақтандыру компанияларының ұсыныстарын салыстырып, бастапқы төлем мөлшеріне, жыл сайынғы индексацияға, кепілдік кезеңіне және келісімшартты өзгерту талаптарына назар аудару қажет.