55 павлодарлық құтқарушы Солтүстік Қазақстан облысынан оралды

Павлодарлық өрт сөндірушілер, құтқарушылар мен апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері Солтүстік Қазақстан облысынан оралды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Олар су тасқынымен күрес жұмыстарына жұмылдырылды. Облыстық төтенше жағдайлар қызметі департаменті горнизонының құрамында 55 қызметкер болды.

Облыстық ТЖД бастығының орынбасары Ренат Валишановтың айтуынша, жергілікті мамандар Қызылжар өңірінің 12 елді мекенінде құтқару операцияларына қатысты. Халықты эвакуациялау, үй жануарларын қауіпсіз жерге орналастыру, қарғын суды соры, дамба салу және қорғаныс құралдарын дайындауға қатысты.

Құтқарушылар міндеттерін мүдірмей орындады. Оларды салтанатты жағдайда қарсы алдық. Мамандармен бірге 19 техника құралы да Солтүстік өңірге жөнелтілді. Әріптестерімді «бүгінгі күннің батырлары» деп атасам, артық айтқандық емес. Келкшекте осындай қиын жағдайлар болмайды деген сенімдемін. Құтқарушыларымыз халықтың алғысына бөленіп жатыр, - дейді Р. Валишанов.

Құтқарушыларды әріптестерімен қатар, туған-туысқандары да қарсы алды. Ұлын тағатсыздана күткендердің қатарында №4 өрт сөндіру бөлімінің командирі Сүйіндік Ахметовтің анасы Мәрияш апай да бар.

Ұлым өнт сөндіруші болып жұмыс істейді, төрт баланың әкесі. Бірінші сапары емес. Бірақ, осы жолы қатты алаңдадым. Қайта-қайта хабарласып отырдым. Ұлымды мақтан етемін, - дейді Мәрияш Ахметова.

Қызметкерлер апатпен 19 күн бойы күресті. Олардың айтуынша, физикалық тұрғыдан жұмыс істеу қиындық туғызбаған. Дегенмен, азаматтық қорғаныс саласының өкілдері баспаналарын қалдырғысы келмеген тұрғындармен су тасқынының қауіпті екенін түсіндіру әлдеқайда күрделі болғанын жасырмады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Павлодар облысы ТЖД баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы