5,4 трлн теңге: Мемлекет халыққа қандай әлеуметтік көмек ұсынып отыр
Мемлекет халық алдындағы өзінің барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындайды. Бүгінгі таңда мемлекеттік бюджет қаражатының 50%-дан астамы азаматтарды мемлекеттік қолдауға жұмсалады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әлеуметтік қолдау
Өткен жылы азаматтардың әлеуметтік осал топтарын әлеуметтік қолдауға республикалық бюджеттен ғана 5,4 трлн теңге қаражат бөлінді.
Биыл ол 6 трлн теңгеден асты. Әлеуметтік қолдау шамамен 5 млн адамға немесе әрбір төртінші қазақстандыққа көрсетіледі деп күтілуде.
Олардың ішінде 2,5 млн астам зейнеткер, шамамен 1 млн мүгедектігі бар адамдар, 500 мыңнан астам балалары бар отбасы және азаматтардың басқа да санаттары.
Бұл ретте әлеуметтік төлемдердің сатып алу құнын қамтамасыз ету үшін жәрдемақылардың барлық түрлерінің мөлшері инфляция деңгейіне ұлғайтылды, ал ортақ зейнетақының – инфляция деңгейінен асып түсуі +2 пайыз.
Жергілікті жерлерде өмірлік қиын жағдайда жүрген тұлғаларға атаулы әлеуметтік көмек бөлуге ерекше назар аударылады.
Өткен жылы жергілікті бюджеттен атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге 39,5 млрд теңге бөлінген болса, биыл өңірлерде өмір сүру құнының ауытқуы мүмкін болған жағдайда азаматтарға қолдауды күшейтуге бөлінген қаражат саны 132 млрд теңгеден асты.
Жергілікті атқарушы органдар тұрғын үй көмегі ретінде бөлінетін қаражат көлемін 2,6 млрд теңгеге дейін ұлғайтты, онда коммуналдық қызметтердің жекелеген түрлерінің тарифтеріне қатысты өзгерістер қарастырылған.
Сонымен қатар, жергілікті мәслихаттардың шешімі бойынша, жергілікті бюджеттерде азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік қолдау көрсетуге 75 млрд теңгеден астам қаражат көзделген. Бұл санаттарды ЖАО өздері анықтайды (әлеуметтік маңызды аурулары бар адамдар, жалғызбасты азаматтар, табиғи апаттардан зардап шеккендер және т.б.).
Сондай-ақ, 2025 жылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын жүзеге асыруға 211,8 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражат 218,7 мың жұмыссыз азаматты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге бағытталады.
Балаларды қолдау
Биылғы оқу жылында 1,7 миллионнан астам бала тегін тамақпен қамтамасыз етіледі, бұл мақсатқа жұмсалатын шығын 192 млрд теңгеден асады.
Мемлекет мектепке дейінгі және мектептік білім беру үшін 5,3 трлн теңге бағыттайды.
Мектеп жасына дейінгі балалар мен мектеп оқушыларына арналған жан басына шаққандағы нормативтер мемлекеттік мекемелерге ғана емес, білім беру қызметін көрсететін жеке ұйымдарға да беріледі.
Өткен жылы Тараз, Шымкент, Түркістан және Орал қалаларындағы мектепке дейінгі ұйымдарда ваучерлік қаржыландыруды енгізудің арқасында ЖАО балабақшалардағы кезекті реттеп, бұрын кезекте тұрған балаларды толығымен орналастырды. Биыл бұл жұмыс ел көлемінде жүргізіледі.
Азаматтарды көрсетілетін мемлекеттік қолдау түрлері туралы ақпараттандыру, осы көмекті уақытылы алу және оның берілуіне өздігінен мониторинг жүргізу мақсатында балаларға тегін тамақ пен азаматтарға тегін дәрі-дәрмектерді алу үшін Әлеуметтік әмиянды енгізу басталды.
Тек өткен жылдың төрт айында ғана Әлеуметтік әмиянды пайдалана отырып, 1,7 млн рецепт бойынша тегін дәрі-дәрмек берілді. Биыл осы құралды қолдана отырып көрсетілетін көмек түрлері кеңейтіледі.
Студенттерді қолдау
ЖОО мен ТжКБ студенттерінің стипендиялары бір деңгейге жетті деуге болады. Биылғы жылы студенттердің орташа стипендиясы 52 мың теңгені құрайды (педагогикалық және медициналық бағыттар бойынша – 84 мың теңге), магистранттардікі – 117 мың теңге, докторанттардікі – 262 мың теңге.
Осы мақсаттарға 2025 жылға арналған мемлекеттік бюджеттен ЖОО студенттеріне шамамен 150 млрд теңге, ал колледж студенттеріне 85 млрд теңге бөлінеді.
Барлық студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету үшін 40 жатақхана салынып, оларда 11 мыңнан астам орын дайындалды.
Әлеуметтік осал отбасылардан шыққан қалалық емес студенттерге («ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетімдер», «мүгедектер, бала күнінен мүгедектер, мүгедек балалар») жатақханада тұру үшін 29 АЕК (100 050 теңге) көлемінде өтемақы қарастырылған.
Өткен жылы мұндай құқықты 3,9 мың ЖОО студенті пайдаланды. Ағымдағы жылы бұл мақсаттарға шамамен 400 млн теңге бағытталады.
Медициналық қолдау
Медициналық көмек көрсету және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге арналған шығындар 2,8 трлн теңгеден асып түсті, оның 1,6 трлн теңгесі кепілдендірілген көмекке бөлінді. Өткен жылы емханаларға 100 млн-нан астам жүгіну, ал стационарларда 2,7 млн-нан астам адам ем алды.
Мемлекет жыл сайын 20 млн-нан астам тұрғынға кепілдендірілген базалық медициналық көмек, 2,5 млн адамға тегін дәрі-дәрмек және әрбір қазақстандыққа 552 млрд теңге көлемінде жан басына шаққандағы норматив бойынша алғашқы және амбулаториялық медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етуге қаражат бөледі.
Баспана мәселесінде қолдау
Өткен жылы 18,96 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 172 мыңнан астам тұрғын үй салынды. Бұл ел тәуелсіздігі жылдарындағы тұрғын үй құрылысының рекордтық көрсеткіші.
Өткен жылы әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған 20 мыңнан астам пәтер сатып алынды, 13 мың азамат өз баспанасына ие болды, ал 10,4 мың азаматқа жалға алу төлемінің бір бөлігін субсидиялау үшін тұрғын үй төлемдері тағайындалды.
«Наурыз» және «Отау» мемлекеттік бағдарламалары аясында 10 мыңға жуық адам тұрғын үй жағдайын жақсартты.
Жалпы 64 мың отбасыны қолдауға 1 трлн теңге бөлінді.