530 мың бала кезекші топтарда білім алады - министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Еліміз бойынша 530 мың бала кезекші топтарда білім алатын болады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «KUN.KZ» ашық медиа-платформасы алаңында өткен онлайн конференция барысында айтты.

Оның айтуынша, мұғалімдердің барлығы қашықтан сабақ беруге дағдыланып, онлайн сабақ беру платформаларын меңгерген.

Жаз кезінде 350 мыңдай мұғалім онлайн сабақ беру курстарынан өтті. Қашықтан сабақ беру форматы қалай болатынын, соның ішінде IT құзыреттіліктерімен танысып, білді. Оған қоса қашықтан оқытудағы дағдыларды игерді. Сондай-ақ IT саласында да үлкен өзгерістер мен серпіліс болды. Көктем кезінде екі онлайн білім беру жүйесімен жұмыс істесек, қазір олардың саны 8-9 компанияға жетті. Олардың барлығы талаптарға сай осы жұмыстарды жүргізіп жатыр. Сондықтан IT саласында да бұл үлкен бастама болды деп ойлаймын, - дейді А. Аймағамбетов. 

Министр сондай-ақ қашықтан оқыту кімдерге қиын соғатынын атап өтті.

Ол, біріншіден, аз қамтылған отбасылар, екіншіден, арнайы білімді қажет ететін балалар, үшіншісі - көпбалалы отбасылар. Сондықтан, бірінші кезекте, осы топтарға ерекше көңіл аударып жатырмыз. Біріншіден – сапа, екінші – инклюзивтік, үшінші – қолжетімділік басты принцип болу керек, - деді ол. 

Сөз арасында ол ата-аналардың өтінішімен кезекші топтар ашылғанын және олар қандай принциппен білім алатынын атады.

Ертең жұмыс басталғанда бірнеше формат іске асатын болады. Біріншіден, ол, әрине, қашықтан оқыту. Бірінші тоқсанды солай өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Дегенмен, 1-4 сыныптар арасында кезекші топтар ашылады. Бүгінгі таңда ата-аналардың кезекші топ ашылса деген өтініш бойынша 530 мың бала кезекші сыныптарда сабақ алады. Бұл жағдайда мектеп тиісті санитарлық талаптарға сай болу керек. Әр сыныпта сабақтың басталу уақыты әртүрлі болады, оған қоса үзіліске де әртүрлі уақытта шығады. Бүгін Ақмола облысындағы ауылды жердегі мектептің дайындығын көріп келдім,  әріптестеріміз жұмыстың барлығын жоғары деңгейде ұйымдастырып жатыр екен. Онда да кезекші сыныптарға қандай жағдай жасалған деген мәселені қарап келдім. Жалпы жергілікті атқарушы билік пен мектеп тиісті жұмысты атқарған деп айта аламын, - деді министр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы