Атлант мұхитынан 74 жыл бұрын апатқа ұшырап, 52 адамы қаза тапқан ұшақтың сынықтары табылды
Борттағы барлық 64 жолаушы мен экипаждың бес мүшесі апатты қонудан аман қалғанымен, ұшақтан эвакуациялау кезінде дүрбелең болған.
Pan Am Clipper Endeavor ұшағының сынықтары Атлант мұхитының түбінен, шамамен 600 метр тереңдіктен табылды. Апат 1952 жылы болған, деп хабарлайды BAQ.KZ CNN-ге сілтеме жасап.
Сан-Хуаннан Нью-Йоркке бағыт алған бұл рейсті Douglas DC-4 ұшағы орындаған болатын.
Ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін көп ұзамай оның екі қозғалтқышы істен шығып, лайнерді апатты түрде суға қондыруға тура келген. Борттағы барлық 64 жолаушы мен экипаждың бес мүшесі апатты қонудан аман қалғанымен, ұшақтан эвакуациялау кезінде дүрбелең басталған. Нәтижесінде 52 адам қаза тапты, – деп жазады басылым.
Осы авиаапаттан кейін және бірқатар басқа да себептерге байланысты ұшақ ұшар алдында және қонар алдында жолаушыларға нұсқаулықты түсіндіру міндетті болып белгіленді.
Жағалаудан шамамен 8 шақырым жерде табылған сынықтарда Pan American World Airways логотипі мен ұшақ атауының бір бөлігі сақталған.
Дереккөзінің жазуынша ұшақ жақсы сақталған, бірақ борт бөліктерін су бетіне көтеру жоспарланбай отыр. Іздеушілер бұл орын денелері табылмаған 39 марқұм үшін ескерткіш орынға айналатынын атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Пәкістан жағалауындағы ұшақ апаты болып, экипаждың бес мүшесі жоғалып кеткені хабарланды.