5000-ға жуық мал айыппұл тұрағына қамалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өңірде 142 тегін айыппұл тұрағы жұмыс істейді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бос жайылымда қалған жануарлар жол қауіпсіздігіне қауіп төндірушілер болып табылады. Қараусыз жайылған мал жол апаттарына және мал ұрлаушыларға жем болуға себеп болады.

Жол-көлік оқиғалары мен мал ұрлығының алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері жолдар мен жазғы жайылымдарда рейдтер өткізеді. Бос жайылымда жүрген малды тәртіп сақшылары айыппұл тұрағына орналастырады. Осы жылдың басынан бері 5000-ға жуық мал қойылды. Жалпы, облыста 142 тегін айыппұл тұрағы жұмыс істейді, - деді ПД бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.

Жасқайрат Қайыровтың айтуынша, осы жылдың өзінде 131 мал иесі жауапкершілікке тартылып, жазаланды.

Малдарға жолды қалай кесіп өту керектігін айтып түсіндіру мүмкін емес. Ал олардың кесірлерінен бұзылған көліктерге ақы төлеу жануарлардың иелеріне тиесілі болады. Сондықтан мал иелеріне мал айдап бара жатқанда, әсіресе жолдардың жанында оларды қараусыз қалдырмауды сұраймыз. Өйткені сіздің ұқыпсыздығыңыздан адамдар қайтыс болып, балалар ата-анасыз қалып, ата-аналар ұлдары мен қыздарын жоғалтуы мүмкін, - дейді спикер.

ПД бастығының бірінші орынбасары егер мал иелері ешқандай шара қолданбаса, жануарлардың кесірінен туындайтын жазатайым оқиғалардың саны одан да көп болады деп болжауға болатынын айтады.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы