Бұрынғы қонақ үй 500 орындық жатақхана болады

Тараз қаласы, BAQ.kz тілшісі. Тұңғыш Президент – Елбасының Бес әлеуметтік бастамасы Қазақстан халқының тұрмыстық-экономикалық жағдайының дамуына мол мүмкіндіктер жасауда.

Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» атты бастамаға Жамбыл облысында алғашқылардың бірі болып үн қосып отыр. Жоғары оқу орнының басшылығы студенттерді жатақханамен қамту мақсатында Тараз қаласында орналасқан бұрынғы «Тараз» қонақ үйінің 5 қабатты ғимаратын сатып алып, «Студенттер үйі» ретінде қолданысқа беруге дайындауда.

Бұл жайында «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен Тұңғыш Президенттің Бес әлеуметтік бастамасының іске асырылуын бақылау жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысында айтылды.


«500 студентке арналған жатақхананың жалпы көлемі 7656 шаршы метрді құрайды. Бүгінде ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазір таңда құрылыстың 80 пайызы аяқталды. Жылдың басында арнайы сараптама жасайтын ұйымға университет тарапынан тапсырыс беріліп, аталған ғимаратты қонақ үйден жатақханаға айналдыру туралы сараптама жасалып, оң шешім қабылданды», - деді жиында сөз сөйлеген Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің заңгер-кеңесшісі, заң ғылымдарының магистрі Еркін Матжанов.

Еркін Ерғазыұлының айтуынша, бұл шара өз кезегінде еліміздің дамуына ерекше серпін беретін жастарға деген үлкен қамқорлық пен Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада үлкен сұранысқа ие көптеген жаңа маманды дайындауға, жатақхана мәселесін кең көлемде шешуге мүмкіндік береді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы