500 млрд долларға жетті: Илон Маск жаңа рекорд орнатты

Әлемдегі ең бай адам Илон Маск жаңа рекорд орнатты: оның байлығы қысқа уақытқа 500 миллиард долларға жетті. Forbes Real-Time Billionaires-тің мәліметінше, бұл көрсеткіш Tesla акцияларының 4%-ға өсуінің нәтижесінде тіркелді, деп хабарлайды BAQ.KZ Euronews-ке сілтеме жасап.

АҚШ-тағы сауда кезінде Масктың байлығы 9,3 млрд долларға артты. Дегенмен, күн соңында оның жағдайы 499,1 млрд долларға дейін төмендеді. Соған қарамастан, Маск алғашқы триллионер атануға бір қадам жақындады.

Соңғы бес жылда кәсіпкердің байлығы күрт өсті: 2020 жылы ол 24,6 млрд доллар болса, 2024 жылдың соңына қарай 400 млрд долларға жеткен еді.

Tesla-ның нарықтық құны қазір 1,44 триллион долларды құрайды. Маск сәуір айында саясаттан кететінін мәлімдегеннен кейін компания акциялары екі есеге жуық қымбаттады. Жақында ол Tesla-ның 2,5 млн акциясын 1 млрд долларға сатып алып, бизнеске деген сенімін көрсетті.

Масктың дәулетіне тек Tesla ғана емес, SpaceX және xAI Holdings компаниялары да ықпал етуде. SpaceX-тің бағасы 400 млрд долларға жетсе, жасанды интеллект саласында құрылған xAI Holdings 113 млрд долларға бағаланды.

Сарапшылардың пікірінше, қазіргі қарқын сақталса, Маск тарихтағы алғашқы триллионер атануы мүмкін.

Еске сала кетейік, Болливудтың "романтика королі" Шахрукх Кхан миллиардерлер қатарына қосылды. Актердің байлығы қанша млрд долларды құрайтынын және миллиардерлер қатарында тағы қандай танымал тұлғалар бар екенін мына жерден оқи аласыздар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы