$500 млн меже: Қазақстан мен Моңғолия сауда айналымын қалай дамытады
Қазақстан мен Моңғолия арасындағы тауар айналымын алдағы уақытта 500 млн долларға дейін ұлғайту жоспары қайта көтерілді. Бұл мақсатқа Мемлекет басшылары деңгейінде үн қатылып, Үкімет тарапынан нақты жоспарлар айтыла бастады. Бұл межеге жету оңай ма? Логистикадан бастап нарық көлеміне дейінгі бірнеше жүйелік шектеу тұрған жоқ па? BAQ.KZ тілшісі саралап көрді.
Үкімет не дейді
Жуырда Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Моңғолия премьер-министрінің орынбасары Хассуурийн Ганхуягпен кездесті.
Кездесуде Серік Жұманғарин Моңғолия Қазақстанның Азия аймағындағы маңызды серіктесі екенін атап өткен. Оның айтуынша, екіжақты ынтымақтастық тарихи терең тамырлы өзара құрмет пен сенім рухында дамып келеді.
Үкімет хабарламасында қазақ-моңғол әріптестігінің негізі ретінде сауда-экономикалық өзара іс-қимылға басымдық беріліп отырғаны айтылады. Мемлекет басшылары орта мерзімді перспективада екіжақты тауар айналымын 500 млн долларға арттыру мақсатын қойған.
Үкімет өкілдері бұл межеге:
- екі ел арасындағы жеткізу номенклатурасын кеңейту,
- кооперациялық жобаларды дамыту,
- сауда және әкімшілік кедергілерді кезең-кезеңімен жою
есебінен жетуге болатынына сенім білдірген. - Қазіргі ахуал: тауар айналымы – $121,5 млн
Үкіметтің дерегіне сәйкес, 2025 жылғы қаңтар-қараша қорытындысында Қазақстан мен Моңғолия арасындағы тауар айналымы $121,5 млн болды (+5,5%). Оның ішінде:
- экспорт – $113 млн,
- импорт – $8,6 млн.
Қазақстан экспорты құрылымында:
- темекі өнімі,
- рапс тұқымы,
- нан, ұн және кондитерлік өнім,
- тамақ өнімі,
- майлы дақыл,
- қозғалтқыштар мен машина жасау өнімі басым.
Ал Моңғолиядан Қазақстанға:
- ет пен ет өнімдері,
- кашемир,
- аяқ киім,
- кілем,
- жүннен жасалған бұйымдар импортталады.
Тауар айналымын арттыру үшін қазақстандық тарап Моңғолияға сауда миссиясын жіберуді жоспарлап отыр. Мақсат – тікелей іскерлік байланыс орнату, индустриялық және еркін экономикалық аймақтарды, сондай-ақ экспорттық әлеуетті таныстыру.
Ауыл шаруашылығы мен вакцина: ынтымақтастықтың "өсім нүктелері"
Үкімет кездесуде ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық әлеуетін де ерекше атап өткен.
Тараптар:
- қазақстандық аграрлық өнім экспортын арттыру,
- Моңғолия аумағында өндіріс орнату мүмкіндігі,
- ветеринариялық вакциналарды жеткізу перспективасын талқылаған.
Ал Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары Хассуурийн Ганхуяг Қазақстанның Моңғолия үшін стратегиялық маңызын атап, биыл екіжақты ынтымақтастықты жандандыруға сенім білдірген. Ол тарифтік емес кедергілерді анықтау және жою үшін бірлескен жұмыс тобын құруға мүдделі екенін мәлімдеді.
Ортақ шекара жоқ: логистика бәрін тежейді
Экономист, R-Finance қаржы кеңесшісі Арман Байғанов Қазақстан мен Моңғолия саудасына кедергі болып отырған басты проблема – ортақ құрлықтағы шекараның жоқтығы екенін айтады.
Оның сөзінше, Моңғолияға жету үшін міндетті түрде Ресей аумағы арқылы (Алтай Республикасы), не Қытай арқылы транзитпен өту керек.
Екі елдің арасы шамамен 40-55 шақырым ғана болғанымен, бәрібір тікелей шекара жоқ. Сондықтан сауда қатынасын жүзеге асырған кезде біз бәрібір транзитпен жүретін боламыз, яғни қосымша шығындар шығады немесе әуе қатынасы арқылы тасымалдауға тура келеді, – дейді Арман Байғанов.
Осы логистика факторын ол сауданы өсіру кезінде "міндетті түрде ескеру керек" деп есептейді. Дегенмен, экономист бұл мақсаттың амбициялы болғанымен, толық жоққа шығарылмайтынын да айтады.
Сауда көлемін 500 миллион долларға дейін жеткізу – әрине, амбициялы мақсат, – дейді ол.
"Цифрландыру – экспортқа айналуы мүмкін": Қазақстан не ұсына алады?
Арман Байғанов Қазақстан мен Моңғолия арасындағы ықтимал өсім нүктелерінің бірі ретінде цифрландыруды атады.
Оның айтуынша, Қазақстанда мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, зейнетақы жүйесін енгізу секілді бағыттар жақсы дамыған, сондықтан бұл тәжірибені Моңғолияға ұсынуға болады.
Қазақстан мен Моңғолия арасындағы өсім нүктелерінің біреуі – сауданы цифрландыру. Бізде бұл бағытта бөлісетін тәжірибе бар. Осындай нәрселерді Моңғолияға да белгілі бір деңгейде ақылы негізде енгізуге көмектесуге болады, – дейді қаржы талдаушысы.
Оның пікірінше, IT саласы бойынша да Қазақстан экспорт жасай алады.
IT бағыты бойынша да Қазақстан бұл бағытта экспорт жасай алады. Яғни мемлекеттік қызметтерді және бизнесті цифрландыру саласында да Қазақстан көмектесе алады, – деп атап өтті Арман Байғанов.
Мал шаруашылығы: тұқым жаңарту мүмкіндігі
Экономистің пайымдауынша, Моңғолиямен ықпалдасуға болатын негізгі салалардың бірі – ауыл шаруашылығы.
Оларда ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Біз кейбір тауарларды, мысалы мал шаруашылығы өнімдерін – ірі қара, жылқы, қой шаруашылығы бойынша сапалы етті импорттап, өзіміздің саламызға пайдалана аламыз, – дейді Арман Байғанов.
Пайымдауынша, Қазақстанда сапалы асыл тұқымды мал өсіру мен тұқымды жаңарту мәселесі бар. Ал Моңғолия климаты қатал әрі Солтүстік Қазақстанға ұқсас болғандықтан, ол жақтың мал тұқымдары Қазақстанға да бейімделуі мүмкін.
Моңғолияның климаты қатаң, қоңыржай климат қой. Солтүстік Қазақстанның климатымен біршама ұқсас. Сондықтан олардың мал тұқымдары бізде де жақсы бейімделіп, дамып кетуі мүмкін деп ойлаймын, – дейді ол.
Тау-кен саласы: Қытай мен Ресейдің үлесі басым
Экономист Моңғолиядағы тау-кен өндірісі саласына да назар аударуға болатынын айтады. Бірақ мұнда Қытай мен Ресей компанияларының үлесі жоғары екенін ескертеді.
Біз ол жақтағы тау-кен өндірісі саласына да инвестиция сала аламыз. Бірақ менің білуімше, ол жерде негізінен Қытай компаниялары мен Ресейдің үлесі басым. Демек, олармен әлі де жұмыс істеу керек, бұл бағытта бәсеке болуы қажет, – дейді Арман Байғанов.
"1-2 жылда мүмкін емес..."
Экономист, сарапшы Айбар Олжай қазіргі сауда айналымын ескере отырып, 500 млн долларға жету жақын арада мүмкін емес деп санайтынын жасырмады.
Оның айтуынша, екі елдің жылдық тауар айналымы шамамен 120-130 млн доллар деңгейінде.
Енді шамамен жылына 120-130 млн доллар екі елдің тауар айналымы шығады. Моңғолияға ет өнімдері, мал, көп болмаса да көмір бізге экспорттармен келеді. Біз де өз тарапымыздан ферроқорытпалар мен мұнай өнімдерін, жанар-жағармайды Моңғолияға экспорттаймыз, – дейді Айбар Олжай.
Сарапшы 500 млн долларға жету үшін қысқа мерзім жеткіліксіз екенін алға тартты.
500 млн-ға жеткізу үшін 1-2 жылда мүмкін емес шығар. 5 жылда, тіпті жетсе, қазіргі тауар айналымын 4-5 есеге өсуге тура келеді, – дейді ол.
Айбар Олжайдың есебінше, егер мақсат 5 жыл деп алынса, тауар айналымы алдағы кезеңде тұрақты түрде жоғары өсіммен жүруге тиіс.
Ол үшін алдағы 5 жылда тауар айналымын өсіруге тиіс десек, 33%-ға өсуі керек, – деп атап өтті сарапшы.
Алайда бұл өсімнің қаншалық қисынды болатыны уақытқа байланысты екенін айтады.
Ол жағы қаншалықты қисынды, ол жағы әрине, уақыттың еншісінде, – дейді сарапшы.
Нарық көлемі мен құрылымдық шектеулер
Айбар Олжай Моңғолиядан болашақта Қазақстанның малды бұрынғыдай көп көлемде ала бермеуі мүмкін екенін де басып айтты.
Біз өзіміз де мал шаруашылығын жақсы дамытып келеміз. Моңғолиядан болашақта бұрынғыдай көп көлемде мал ала бермеуіміз мүмкін, – дейді ол.
Сондай-ақ Моңғолия өндірісінің өсуі Қазақстанның ферроқорытпа экспортына қаншалық әсер ететіні де ашық сұрақ.
Дәл осы кезде біздің ферроқорытпамыз Моңғолияға қазіргі өндірістің өсуіне әсер етеді деген сұрақ туындайды, – дейді сарапшы.
Ең бастысы – ортақ шекара жоқ, яғни логистика негізгі шектеу болып қала береді.
Бізде ортақ шекара да жоқ. Логистикалық қарым-қатынастар арқылы тауар айналымды тікелей ұлғайту мүмкін деп ойлаймын, – дейді Айбар Олжай.
Оның пікірінше, құрылымдық тұрғыда үлкен "сауда дәлізі" жоқ.
Сол үшін белгілі бір тауарлардың позициясында арамызда үлкен дәліз жоқ. Фундаменталды негіздері бар, құрылымдық шектеулері бар. 500 млн-ға алдағы жылдары жете қоюы мүмкін деп ойламаймын, – деп түйіндеді ол.
Мақсат бар, бірақ оған апарар жол ұзақ
Қазақстан мен Моңғолия арасындағы тауар айналымын 500 млн долларға жеткізу – Үкімет деңгейінде анық қойылған мақсат. Ресми дерек қазіргі айналымның 11 айда 121,5 млн доллар болғанын көрсетіп отыр.
Алайда сарапшылар бұл межеге жақын жылдары жету оңай емес екенін айтады. Бір жағынан, Қазақстан цифрландыру, IT, мемлекеттік қызметтер тәжірибесін экспорт ретінде ұсына алады. Ауыл шаруашылығы, ветеринария, өнім өндірісі мен экспорт бағыттары да мүмкіндіктер қатарында.
Екінші жағынан, ең үлкен шектеу өзгеріссіз: ортақ құрлық шекара жоқ, транзитті Ресей не Қытай арқылы жүргізу керек, бұл шығынды өсіреді. Сонымен бірге Моңғолия нарығының көлемі мен құрылымдық факторлар да "күрт өсімге" мүмкіндік бермей отыр.
Сондықтан 500 млн – бір мәлімдемемен орындалатын мақсат емес, ұзақ уақытқа жоспарланған жүйелі жұмысқа тәуелді меже екендігі әбден мүмкін.