500-ден астам студент кәсіпорындар тапсырысы бойынша білім алуда

Жетісу облысында өңір кәсіпорындарының нақты тапсырыстары бойынша 13 колледжде 501 адам білім алуда. Олар оқуларын аяқтаған соң тапсырыс берген кәсіпорындарға жұмысқа орналасатын болады. Осыцған байланысты колледж, студент және өңірдің 45 кәсіпорны арасында үш жақты келісімшарт жасалды, деп хабарлайды BAQ.KZ Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, Оқу-ағарту министрлігі өткен оқу жылында кәсіпорындардың тапсырысы бойынша кадр дайындауды енгізген болатын. Бұл өз кезегінде еңбек нарығында сұранысы бар мамандықтарға маман дайындауға мүмкіндік береді. Бұл ретте жұмыс берушілер өз кәсіпорындарының базасында студенттердің тәжірибеден және тағылымдамадан өтуіне жағдай жасап, оқуын аяқтаған соң жұмысқа алу міндетін алып отыр.

Сонымен қатар облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес колледждерді бейіндеу жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде 15 колледждегі 91 мамандықтың бейіндері сәйкес келмейтін 45-і жабылды. Және өңірдегі 13 колледжде «Ландшафты дизайн», «Кинолог», «Логопед», «BIM-техник», «Киім дизайны», «Графикалық және мультимедиялық дизайн» және т. б. еңбек нарығында сұранысқа ие 17 жаңа мамандық ашылды.

Мемлекеттік тапсырысты жұмысшы мамандықтарына қайта бағдарлау жұмыстары атқарылды. Соның нәтижесінде биыл жұмысшы мамандықтарға мемлекеттік тапсырыс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 268 орынға ұлғайды. Сол сияқты 2024 жылға тағы бірқатар жаңа мамандықтарды ашу жоспарланып отыр. Солардың қатарында балық шаруашылығы, жылыжай шаруашылығын ұйымдастыру, кран машинисі, мал шаруашылығы кешендері мен механикаландырылған фермалардың операторы, пилотсыз ұшу аппараттарының операторы, ұнтақтау-сұрыптау жабдығының операторы, түту өндірісінің машиналары мен жабдықтарының операторы, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің тазарту құрылыстарын пайдалану т.б. мамандықтар бар.

Еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман дайындау - әрбір оқу орнының басты міндеті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай «Сапалы білім беру «Білімді ұлт» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде 2025 жылға қарай сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін ТжКБ-мен жастарды толық қамту көзделген. Осы жылы мемлекеттік тапсырыстың ұлғайғанын ескеріп, жастарды колледждерде 9 сынып негізінде тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамту 84,4 % жеткізілді. 2025 жылға қарай жастарды тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамту 100%-ға жетеді деп жоспарланған, - дейді облыстық білім басқармасының мамандары.

Сондай-ақ облыста 14 колледжде дуальды оқытуды жүзеге асыруда. Мамандарды даярлау 2734 білім алушы оқитын 25 мамандық бойынша жүзеге асырылады. 249 кәсіпорынмен 262 шарттар мен келісімдер жасалды, келісімшарт шеңберінде түлектер практикадан өтіп, ары қарай жұмысқа тұра алады. Дуальды оқытуды енгізуде және кәсіпорындармен табысты бірлескен іс қимылдың тиімді үлгісін Талдықорған сервис және технологиялар колледжі, Текелі кәсіптік колледжі, Талдықорған аграрлық-технологиялық колледжі көрсетіп отыр. Осы орайда колледждің ірі бизнеспен тығыз қарым-қатынасы білім беру бағдарламаларының мазмұнын жаңартуға мүмкіндік берді. Осы мақсатта колледждің әрбір түлегінің бизнес дағдыларына ие болуының маңыздылығын ескеріп, Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің базасында кәсіпкерлік қоғамдастық өкілдерін тарта отырып, студенттік бизнес-инкубатор құрылды. Сол сияқты «Жас маман» жобасы аясында 7 мемлекеттік колледж базасында 11 құзіреттілік орталық ашылып, олардың базасында «WorldSkills» чемпионатына дайындық алаңдары, Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің базасында Startap академиясы құрылды. Орталықтарда академиялық ұтқырлық шеңберінде ауылдық колледж студенттері үшін практикалық сабақтар өткізіледі, арнайы пәндер оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлері үшін біліктілігін арттыру, қайта даярлау курстары ұйымдастырылады.

Жалпы облыста 27 колледж жұмыс істейді, онда 14773 студент білім алуда. Оқу орындары ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, құрылыс, машина жасау салалары, сондай-ақ техникалық, педагогикалық, заңгерлік, экономикалық, медициналық бағыттар бойынша 61 мамандық және 102 біліктілік бойынша кадрлар даярлайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы