500% баж. Трамп Ресеймен байланысы бар елдерді жазаламақ

АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы соғысқа қарамастан Ресеймен сауда жасайтын елдерге 500% баж салығын салу туралы заң жобасын қолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі ABC-ге сілтеме жасап.

Бұл туралы 30 маусымда заң жобасының авторларының бірі, сенатор-республикалық Линдси Грэм ABC арнасына берген сұхбатында айтты.

Грэмнің айтуынша, Трамп бұл бастаманы алғаш рет жеке қолдаған.

Кеше гольф ойнап жүргенімізде президент маған “Бұл заң жобасын ілгерілететін уақыт келді деп айтты", – деді сенатор.

АҚШ Конгресінде аталған құжатты қарау Тәуелсіздік күнінен кейін, яғни 7 шілдеден соң басталады деп жоспарланып отыр.

Грэм: Ресеймен сауда жасайтын елдерге тариф салу керек

Сенатор Грэмнің мәлімдеуінше, заң жобасы Үндістан мен Қытай сияқты елдерге қатысты санкция енгізуге мүмкіндік береді.

Егер сіз Ресейден мұнай сатып алып, Украинаға көмектеспесеңіз, АҚШ-қа келетін тауарларыңызға 500% баж салығы салынады. Қазір Үндістан мен Қытай Путиннің мұнайының 70%-ын сатып алып отыр, бұл оның әскери машинасын қаржыландырып отыр деген сөз. Менің заң жобамды 84 сенатор қолдап отыр. Бұл Трампқа Үндістан, Қытай және басқа елдерге санкция салуға мүмкіндік береді, – деді ол.

Сенатордың айтуынша, бұл Трампқа қазіргі кезде жетіспейтін қосымша тетік болмақ. Дегенмен ол Трамп заң жобасын нақты мақұлдай ма деген сұраққа жауап беруден бас тартты.

Сенаттың жаңа санкциялары не көздейді?

1 сәуірде сенаторлар Линдси Грэм мен демократ Ричард Блюменталь бастаған қос партияның 50 өкілі Ресейге қатысты жаңа санкцияларды көздейтін заң жобасын жариялаған. Құжат бойынша, Ресейден мұнай, газ, уран немесе өзге де өнім сатып алатын елдерден келетін тауарларға 500% баж салығы салу ұсынылған.

Авторлар бұл санкцияны АҚШ Конгресінің қос палатасы да қолдайтынын мәлімдеген.

Алайда 19 мамырда Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуден кейін жаңа санкциялар енгізуден бас тартты. Сол уақытқа дейін Украинада нақты бітімге қол жеткізілмеген еді.

Сәуірдің басында-ақ Трамп АҚШ-тың сауда серіктестеріне 50% кедендік тариф енгізуге тырысқан. Жауап ретінде бірнеше ел қарсы шаралар қабылдап, қосымша салықтар салды. Кейінірек Трамп олардың көпшілігін тоқтатып, сауда келіссөздерін бастаған.

Еске салайық, Линдси Грэм мен Ричард Блюменталь бұған дейін де Ресейге қатысты бірнеше бастама көтерген. Олар 2022 және 2024 жылдары Ресей Федерациясын «терроризмді қолдаушы мемлекет» деп тануды ұсынған. Сондай-ақ 2025 жылдың наурызында Ресейдің мұздатылған 300 млрд доллар активін тәркілеп, Украинаға беруді ұсынған. Бірақ бұл ұсыныстардың ешқайсысы жүзеге аспаған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы