Эден Азарды көруге стадионға 50 мың адам жиналды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мадридтің «Реал» клубы осы жазғы трансферде қатарына бірнеше жаңа ойыншыларды қосқан болатын. Олардың арасында «Челсиден» ауысып келген Эден Азар да бар.
Бельгиялық жартылай қорғаушыны корольдік клуб 100 млн еуроға сатып алды. Келісімшарт 5 жылға жасалған.
Кеше «Сантьяго Бернабеу» стадионында клуб футболшыны таныстыру рәсімін өткізді. Оған 50 мың адам жиналды. 2009 жылы Криштиану Роналду таныстырғанда 80 мың фанат келген болатын.
«Зидан менің бала кезде кумирім болғанын бәрі біледі. Бұл клубқа ауысуыма негізгі себептің бірі деп, Зиданның бас бапкері болуын айта аламын. Мен шынымен де «Реал» сапында ойнап, бірнеше титул жеңіп алғым келеді. «Реалдың» жейдесін киюуді бала кезден армандадым. Енді, осы бақытты сәттің өз рахатын сезінгім келеді. Маған әрдайым жартылай қорғаныстың сол жағында немесе классикалық «ондықта» ойнаған ұнайды. Егер, бас бапкер өзге позицияға қойғысы келсе де, қарсы емеспін», - деді Азар.