50 ана "Бақытты отбасы" жобасы арқылы жаңа мамандық игерді
Алматы, BAQ.KZ. Бүгін тігін және кондитерлік істі бітірушілерге арнайы сертификат берілді. Осылайша Алмалы ауданындағы 50 ана әрі қарайғы бизнесіне серпін алды. Бұл туралы Алматы телеарнасы хабарлады.
Айта кетерлігі, курсқа қатысқан аналардың балаларына да арнайы оқыту курстары ұйымдастырылған.
Осындай "Бақытты отбасы" жобасына қатысып, қол өнермен айналысуға, киіз басуды үйреніп, тері басуды үйреткен ұстаздарымыз Наталья мен Оксанаға рахмет. Жоба өте қызықты өтті және көп нәрсе үйретті. Әлі талай белестерге жетеміз деп ойлаймын, - дейді сертификат иегері Арайлым Нұрпейісова.
Бұл 50 іскер ана тек Алмалы ауданы бойынша сертификат алғандар. Қаланың өзге де аудандарында мұндай оқыту курстары қарқынды жүргізіліп жатыр.
"Бақытты Отбасы" орталығы осы аудандағы 1955 көпбалалы және аз қамтылған отбасыларына құқықтық және психологиялық мәселелері бойынша ақпараттық-кеңес беріп, ресурстық қолдау көрсетіп келеді.
Сол сертификаттармен олар ертең "Бизнес бастау" бағдарламасына қатысып, грант жеңіп ала алады. Қазіргі нарықтық заманында жаңа көзқараспен қажетті іспен айналыса отырып, көпбалалы аналар өздерінің потенциалдарын қолдана алады, - дейді Алматы қаласы Алмалы ауданы əкімі аппаратының əлеуметтік сала бөлім басшысы Бану Манапова.