5 жылда 40 мың жер сілкінісі. Алматылықтарға үрейленудің қажеті жоқ
Түркия мен Сирияда болған жер сілкіністерінен адам шығыны болып, қалалар қирады. Қазіргі күні қирандылар астынан адамдарды құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Түркия мен Сирияда болған алапат зілзаладан кейін қазақстандықтар, әсіресе алматылықтардың бойында үрей пайда болды. Қазақстан жер сілкінісіне дайын ба? Алматыда да алапат зілзала болуы мүмкін бе? Осы және өзге де сұрақтарға отандық сейсмологтарымыздың болжамын сұрап көрдік.
Түркияда бұған дейін де күшті жер сілкінісі болған
Төтенше жағдайлар министрлігі Сейсмология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары Нұрсарсен Өзбековтің айтуынша, Анадолы таулы аймақтары Альпі-Гималай сейсмикалық белдеуінің белсенді аймақтарының бірі саналады. Ол жақтағы жер сілкінісі таңертең болды. Адам шығыны бар.
Түркияда бұған дейін де күшті жер сілкінісі болған. Егер бүгінгі жер сілкінісінің магнитудасы 7,8, яғни бұл шамамен 9-10 балл болса, онда 1999 жылы 17 наурызда осы елде болған Измит жер сілкінісінің күші шамамен дәл осындай жағдайда 7,6 балл болды. Сол кезде де ауыр зардаптар мен адам шығыны болған еді. Мұндай тізімді жалғастыра беруге де болады. Мысалы, одан да ертерек, 1992 жылы 13 наурызда эпицентрі Эрзинджан қаласына жақын жерде, 7-8 балдық жер сілкінісінің салдары 100 мыңнан астам адам тұратын өңірде орасан зор шығын әкелген болатын, - деді ол.
«Жер сілкінісін алдын ала болжау өте қиын»
Ғалым өз сөзінде Түркияда сейсмикалық желілердің жақсы дамығанын, қазір мамандар жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
Бірақ болжам мәселесіне келетін болсақ, Түркияда ғана емес, бүкіл әлемде жер сілкінісін алдын ала болжау өте қиын. Әсіресе, қысқа мерзімді болжам жасау күрделі. Олар ғылыми-зерттеушілік сипатқа ие болғандықтан да өзіндік қиындықтары бар. Қысқа мерзімді болжамдарды болжауға болатын жекелеген жағдайлар ғана өмірде болды. Мысалы, Қытайда. Бірақ тұтастай алғанда, бұл бүкіл әлемде әлі шешімін таппаған күрделі мәселе болып қалып отыр, - деп түсіндірді сарапшы.
Түркияда жер сілкінісі қайталануы мүмкін бе?
Ғалым түсіндіргендей, қазір ондағы афтер сілкіністер үздіксіз жалғасып жатыр.
Кеше онда 26-27 рет күшті, маңызды афтер дүмпулер болғаны туралы ақпарат тараған болатын. Бұл жер сілкінісінің ошағы қалпына келтіріліп жатқандықтан және сол сәтте оның афтерактивті белсенділігі болғандығынан. Жеке дүмпулер айтарлықтай күшті болуы мүмкін. Алайда олардың күші бастапқы негізгі сілкіністен асып түсетінін білдірмейді. Олардың күші азырақ, - деп түсіндірді Нұрсарсен Өзбеков.
Сарапшының сөзінше, қазіргі күні сейсмология мамандары жыл сайын орта мерзімге жасалатын болжам жасаған. Соған сәйкес Алматы өңірінде магнитудасы 5-6-дан қарқындылық күші 7 балдан асатын жер сілкінісі болмайды.
Жер сілкінісін болжау – ол өте күрделі мәселелердің бірі. Бұл сұрақты ірі ғалымдар зерттеп жатыр. Дегенмен бұл үнемі ізденіс жолындағы сала. Ал жер сілкінісін болжауды жақындатып, оны нақтылау әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы жүргізіледі. Сейсмологтар өзінің болжамын, шешімін жасау кезінде жер сілкінісінің әртүрлі жағдайын ескере отырып, әлемдік модельдерге сүйенеді. Сондай-ақ әртүрлі болжамдық нышандарды анықтау, айқындау, пайымдау бойынша әлемде қолданылып жүрген алгоритмдер мен тәсілдердің негізінде жасайды. Соның арқасында ықтимал жағынан болжау нәтиже береді. Мысалы, жылдан жылға әртүрлі тәсілдерді қолдану, оларды кірістіру және әдістемелік құралдарды енгізу арқылы болжамның ықтималдық негізін арттыруға жол бар, - деді ғалым.
Оның айтуына қарағанда, жердің айырылып кетуі (жарылуы) - кез келген жер қыртысына тән геологиялық құрылым. Мысалы, Алматы қаласының аумағында да көптеген жер қыртысының айырылуы болады. Оны сейсмологтар арнайы тәсілдер арқылы анықтаған болатын. Жалпы Алматы қаласында 40-тан аса жер жарылуы өтеді. Сонымен бірге олардың бір бөлігі Еділ бойынан өтеді.
Сөзінше, айырылудың кейбірі белсенді дамыса, кейбірі көптеген жыл бойы жасырын жүреді.
«Алматылықтарға үрейге салынуға негіз жоқ»
Жалпы Жер шарында болып жатқан жер сілкіністері геологиялық құбылыс ретінде өзінің заңдылықтарымен бірге жүреді. Оның негізгі себебі – жерасты қойнауында болып жатқан процестерге байланысты. Онымен қоса, оған қабаттаса әсер беретін ғарыштан келетін әртүрлі энергетикалық, гравитациялық, электромагниттік энергиялар қосылады. Сол себепті жер сілкінісінің өзіне тән заңдылықтары бар. Соның бірі – белсенді болу және тынышталу процестері. Соған байланысты ол бір жерде белсенді болса, екінші бір жерде бейтарап, тыныш күйде өтеді. Ал бір жерде болған жер сілкінісін басқа жерде де болады деуге негіз жоқ. Біздің территориямыз (Қазақстан – авт.) континентал типке жатады. Түркиядағы жер сілкіністері плиталардың ығысуынан, жылжуынан болған. Онда мұхиттағы плиталар және т.б. бар. Сондықтан біздегі жер сілкінісі заңдылықтары басқа ерекшеліктермен өтуі мүмкін. Сол себепті басқа елде болған жер сілкінісінің бізге әсер ету ықтималдығы өте төмен, - деп толықтырды Нұрсарсен Өзбеков.
Елдің өнеркәсіптік әлеуетінің оңтүстік және оңтүстік-шығыс бөліктері 40% сейсмикалық белсенді. Бұл ретте сарапшы Қазақстанның сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан бөлігінің жағдайы қандай екенін түсіндірді.
Ғалымның айтуынша, Шығыс Қазақстан облысынан бастап, Қызылорда облысына дейін жерасты дүмпулері 7-9 балға дейін жетуі мүмкін сейсмикалық қауіпті жерлер бар.
Әсіресе, Алматы облысы бұл жағынан Орталық Азиядағы өте қауіпті аймақта орналасқан. Бұрын бұл жерде бірнеше рет жойқын жер сілкінісі болған. Атап айтқанда, 1887 жылғы Верный жер сілкінісін және 1911 жылғы Кемин жер сілкінісін айтуға болады. Қазақстандық сейсмолог ғалымдар еліміздегі сейсмикалық қауіп бойынша тұрақты жұмыс істеп, жалпы сейсмикалық аудандау, аймақтарға бөлу деп аталатын карталарды әзірлеп жатыр. Мұнда сейсмикалық қауіпті, сейсмикалық белсенді аймақтардың сейсмикалық әлеуетінің көрсеткіші де көрсетілген. Сонымен қатар басқа карталар да құрастырылған, оның ішінде елді мекендер үшін жасалған карталар бар. Мысалы, Алматы қаласы үшін сейсмикалық микроаймақтандыру картасы әзірленді, - деп айтты Өзбеков.
Оның сөзінше, сейсмикалық салада атқарылып жатқан жұмыстарды былай тұжырымдауға болады.
Соңғы бес жылда Қазақстан аумағында сейсмикалық аспаптармен 40 мыңға жуық жер сілкінісі тіркелді. Атап айтқанда, 2018 жылы – 8 500, 2019 жылы – 7 800, 2020 – 9500, 2021 жылы – 6 700, ал 2022 жылы 6 900 рет болған сілкініс тіркелді. Бұл геологиялық аймақтың сейсмикалық көріністегі өмірі. Яғни аппаратуралар болмаса, мұны адамзат баласының бәрі бірдей сезе бермейтін өте нәзік сілкіністер деп айтуға болады. Көпшілік халық мейлінше сезінген жер сілкіністері де болды, - деп атап өтті сейсмолог.
Соңғы бес жылда Қазақстан аумағында осындай 66 сейсмикалық оқиға тіркелді. 2018 - 20, 2019 - 11, 2020 - 15, 2021 - 11, 2022 - 9. Алматыда айқын сезілген жер сілкінісі 2022 жылдың 28 желтоқсанында Алматыдан 190 шақырым жерде Қырғызстан мен Қытайдың шекаралас жерінде болды.
Сейсмологиялық жағдайды бағалау үшін Сейсмология институтының қызметкерлері әртүрлі өзектілік бойынша болжамды бағалаулар жасайды. Орта мерзімді болжам және қысқа мерзімді болжамдар бар. Орта мерзімді жоспар жылына екі рет – жылдың басында және ортасында нақтылаумен құрастырылады. Күні кеше ғана біз Алматы полигоны аумағындағы жер сілкінісінің орташа мерзімді болжамы бойынша қорытынды әзірлеп, уәкілетті органдарға тапсырдық. Бұл тұжырымға сәйкес, 2023 жылы Алматы полигоны аумағында 7 баллдық күшті жер сілкінісі болмайды. Ғылыми зерттеулер бойынша апта сайын қысқа мерзімді қорытынды жасалады. Ол 200-ден астам болжамдық параметрлерді талдау негізінде құрастырылады. Осы тұжырымдар бойынша алдағы аптада да бәрі тыныш болады деп күтіліп отыр. Осы ретте Алматы өңірі тұрғындарының алаңдап жатқанын естіп жатырмыз. Алаңдауға негіз жоқ екенін тағы да қайталап айтамын, - деп түсіндірді ғалым Нұрсарсен Өзбеков.