"Нұрлы жол". Алдағы 5 жылда 10 мың шақырым жол жөнделеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Үкімет үйінде 2020-2025 жылдарға арналған жаңа "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Оның аясында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының құрылысы мен реконструкциясына қатысты 27 жобаның іске асырылуы қарастырылған.
Қазақстандағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 95,9 мың шақырым. "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығында республикалық маңызы бар жолдардың құрылысы мен реконструкциясы аясында 13 жаңа жоба іске асырылмақ. Жаңа жобалар шеңберінде тиісті жұмыстармен жолдардың шамамен 7 мың шақырымы қамтылатын болады.
Сонымен қатар, жоғарыда аталған уақыт ішінде 14 ауыспалы жобаны да жүзеге асыру қарастырылған. Ауыспалы жобалар аясында пайдалануға берілетін жолдардың ұзындығы 3,8 мың шақырымды құрайды. Осылайша, Қазақстанда 2025 жылдың соңына дейін республикалық маңызы бар жолдардың 10 мың шақырымында қозғалыс ашылады деп жоспарланған. Бұл 2025 жылы жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы республикалық жолдардың үлесін 100% дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, 2020 және 2025 жылдардың аралығында жалпы пайдаланып отырған облыстық және аудандық маңызға ие автомобиль жолдарын дамытуды қаржыландыруға паритетті негізде республикалық және жергілікті бюджеттен шамамен 1 трлн теңге бөлінетін болады. Аталған қаржы есебінен жергілікті маңызы бар жолдардың 20 мыңнан астам шақырымы қалпына келтірілмек. Осы ретте жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесі 95% жеткізіледі деп жоспарланған.