5 жасқа толмаған балаларға коронавирусқа қарсы екпе салынуы мүмкін
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. АҚШ-та бұдан былай бес жасқа толмаған балаларға да коронавиру инфекциясына қарсы вакцина салынуы мүмкін. Бұл туралы денсаулық сақтау саласының өкілдері хабарлады деп жазады NBC News.
Мамандар Pfizer мен Moderna компанияларының коронавирусқа қарсы вакциналарының балаларға арналған дозасы 5 жасқа дейінгі сәбилерге қауіпсіз әрі тиімді деп отыр. Елдің денсаулық сақтау саласының ведомствосы арнайы талдау да жүргізген. Аталған құжат жуырда жарияланып, жоғарыда аталған препараттарды қолдану дауысқа салынады делінген.
Министрлік жүргізген талдауға сәйкес, Америкада коронавирус жұқтырудың 3%-дай жағдайы алты ай мен төрт жасқа дейінгі сәбилер тобына тиесілі. Алайда осы топтың ауруханаға жатқызылуы мен өлім-жітім көрсеткіштері үлкен жастағы балаларға қарағанда жоғары. Бұл да вакцинациялаудың себептерінің бірі болып отыр.
Деректерге сәйкес, 30 мыңнан астам 5 жасқа толмаған америкалық балаға індет жұқтырып, ауруханаға түскен. Оның ішінде, 500-і қайтыс болған.