"5-қабаттан секіре жаздадым". Күйеуінен айырылған әйел сотта жан айқайын жеткізді
Алматыда үш адамның өмірін қиған автобус апатына қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысын тікелей эфирден көруге болады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Апат кезінде жұбайынан айырылған жәбірленуші күдіктімен қатар автобус жүргізушісінің де жазалануын талап етті.
Мен біріншіден осы оқиға әкеп соқтырған Ахметжановты, екіншіден жүргізуші Шөкебаеваны кінәлаймын. Ер адам әйел адамды ұрмауы керек. Дегенмен мен екеуінің де қатар жазалануын қалаймын. Себебі жүргізуші өзінің әлеуметтік желілерінде мен оқиғаға кінәлі емеспін деп күліп, жұбайымның қырқы өтпей жатып жігітімен қыдырып жүргенін көргенде жүрегім езіліп кетті. Сол кезде бесінші қабаттан секіріп кете жаздадым. Жүргізуші Шөкебаева жұбайымды жер қойнына тапсырғанда да келіп көңіл айтып, кешірім сұрамады. Осы жерден менің түсінбегенім 3 адам автобустың астына келіп түскен жоқ қой. Бұл жерде жүргізуші де кінәлі. Осы іс бойынша екі адам жазаға тартылу керек. Сондай-ақ автопарк те кінәлі. Автобус жүргізушісі отыратын жер қорғалу керек еді. Сондай-ақ жол ақыны сұрауды жүргізушілерге міндеттемеуі керек еді. Сонда бұл жағдайға әкеп соқтырмас еді, – дейді жәбірленуші Құсайынова.
Ол сондай-ақ тергеу барысында кейбір істің жабылып, тергеушінің іс жабылғанша алдап келгеніне шағымданды.
Заңда әділдік бар деп ойлағанмын. Дегенмен айналып келгенде тергеуші алдап кеткенін, жүргізушіге қатысты іс жабылып қалғанын білдім. Біз тергеу барысында дәлелдер мен дәйектерді ұсындық, бірақ ол тергеуге ілінбей қалды. Осының барлығын түсінбей тергеуші Оразбаевтан неге істі жаптыңыз деп сұрағанымда, прокуратура жаптырды деді. Біз осы сотқа Оразбаевтың шақырмаған адамдарын шақырдық, олар барлығын ашық айтты. Автобустың ішінде шын мәнінде қалай болғаны айтылды. Бірақ сонда да прокурор көз жұмып қарады. Сонда бір адам 3 адамның қазасына әкеп соқтырды ма, түсінбедім, – дейді жәбірленуші.
Еске салсақ, қайғылы оқиға 22 желтоқсан күні кешкісін болды. 47-бағыттағы қоғамдық көліктің жолаушысы жүргізуші әйелді ұрып жіберген. Салдарынан ол есін жоғалтып, көлікті басқара алмай қалған.
Бақылаудан шығып кеткен қоғамдық көлік аялдамада тұрған адамдарды қағып, төрт көлікпен соқтығысты. Оқиға салдарынан үш адам қаза тауып, тағы 4 адам дене жарақаттарын алды.