5 мыңға жуық педагог қатысқан байқау жеңімпаздары анықталды
Астанада "Педагогикалық идеялар панорамасы – 2024" республикалық бейнесабақтар мен бейнедәрістер байқауының қорытындысы шығарылды. Конкурсқа 5000-ға жуық педагог қатысып, олардың 108-і жүлделі орын иеленді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Байқау Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі "Өрлеу" біліктілікті арттыру ұлттық орталығының ұйымдастыруымен биыл бесінші рет өтті. Байқаудың мақсаты – пәнаралық негізде білім алушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту саласында педагогтердің өзара қарым-қатынасының заманауи педагогикалық тәжірибесі мен үздік практикаларын жалпылау және танымал ету.
Министрлік педагогтардың біліктілігін арттыруға ерекше мән береді. Себебі білікті педагог қана өскелең ұрпаққа сапалы білім бере алады. Бұл сайыс барлық қала, аудан, ауыл мектептерінен талантты педагогтарды ашуға, креативті, ерекше ойлайтын мұғалімдерді тануға мүмкіндік береді, - деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев.
Комитет төрағасы былтыр көктемде басталған байқау нәтижесі желтоқсанда шыққанын айтты. Сондай-ақ педагогтар арасында ең беделді саналатын сайысты халықаралық деңгейге көтеру жоспарда екенін жеткізді.
Байқаудың "Цифрлық сауаттылық" номинациясында оқушыларды цифрлық сауаттылыққа ойын технологиясы арқылы баулып жүрген тараздық ұстаз Мурат Беридзе жеңімпаз атанды.
Мен дайындаған "Генификация" жобасының идеясы оқыту бағдарламасына негізделген. Балаларға сыни ойлау, шығармашылық тәсілдер мен нақты тапсырмаларды шешу дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. Білім беру және цифрлық технологиялар саласындағы көпжылдық еңбегімді, креативті идеялар мен құштарлықтың нәтижесі ретінде жеткен жетістіктерімді сіздерге ұсынғаныма қуаныштымын. "Цифрлық сауаттылық" номинациясында жеңімпаз атануым білім беру процесіне инновациялық әдістерді енгізудің маңыздылығын растайды, - деді ол.
Алматы облысынан келген Сымбат Канафина баланы ойната отырып оқыту арқылы танымдық, шығармашылық, коммуникативтік дағдыларын қалыптастыру және мектепке дейінгі бүлдіршіндерге ұлттық құндылық пен қазақы дәстүрді насихаттау мақсатында "Киіз үй" жобасының идеясы үшін жүлделі екінші орынды иеленді.
Астана төріне келіп, марапатқа ие болу - үлкен бақыт. Алдағы уақытта да осы бағытта жұмысымызды жалғастырып, болашақ бүлдіршіндердің жарқын келешегі үшін аянбай еңбек ете береміз. Келесі жылы тағы сайысқа қатысып, бақ сынап, бірінші орын алсам деген үмітім бар, - дейді Сымбат Канафина.
Үздіктердің қатарында аутизм синдромы бар балалардың әлеуметке оңай қосылуына сеп болатын, қаржылық сауаттылыққа баулып, сабақты жасанды интеллект арқылы өткізу сияқты креативті идеялар ұсынылған жобалар болды.
Қатысушылардың бейнематериалдарын өңірлік сараптамалық кеңес 7 критерий бойынша бағалады: өзектілік, дәлелділік, пәнаралық интеграция, әдістемелік құндылық, жаңашылдық, сөйлеу мәдениеті және шешендік шеберлік, аудио/бейнематериалдарды беру сапасы.
Республикалық сараптамалық кеңеске Өрлеу өкілдері және байқау бағыттары бойынша сыртқы сарапшылар тартылды. Байқау жұмыстарын бағалау процесі ашық және айқын болды. Республикалық кезеңнің жеңімпаздары Өрлеу сайты мен орталық филиалдарының Facebook және Instagram әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланады, - деді "Өрлеу" біліктілікті арттыру ұлттық орталығының басқарма төрағасы Айдана Шилибекова.
102 педагог 1, 2, 3 дәрежелі дипломдар мен ақшалай сертификаттарға ие болды. Әр бағыт бойынша YouTube-та ең көп қаралған бейнемазмұндардың авторлары да анықталды.
Сонымен қатар, биыл ЮНЕСКО алғаш рет педагогтерді ынталандыру мақсатында олардың жұмысын тәуелсіз бағалап, климаттық өзгерістер мен жаһандық азаматтық рухындағы білім беру мәселелерін айқындағаны үшін арнайы марапаттарын ұсынды. Бұл бастама конкурсқа халықаралық сараптамалық деңгей қосып, өзектілігі мен сапасын арттыруға ықпал етті.