5 млн теңгеге жуық жанармайды шекара асырмақ болған ресейлік ұсталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі хабарлады.
Орал шекара отрядының «Шаған-авто» бөлімшесінде шекара наряды Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кіріс департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, 4 млн, 750 мың теңгенің бензинін шекара асырмақ болған Ресей азаматын ұстады.
Ұсталған азамат жалпы көлемі 21 472 литр болатын «АИ-92» бензинін Мемлекеттік шекарадан «НЕФРАС-С30/230» жуғыш заты ретінде алып шықпақшы болған екен.
Аталған отрядтың «Сырым-авто» бөлімшесінде 1974 жылғы Қазақстан азаматы елімізден шығаруға тыйым салынған заттар тізіміндегі, жалпы салмағы 20 тонна, бұрын пайдаланылған темір құбырлырды Ресейге алып шықпақшы болыпты. Бағасы - 590 000 теңге деп есептелінген заңсыз жүк Бәйтерек аудандық Мемлекеттік кіріс департаментіне тапсырылды.
«Осы отрядқа қарасты «Ақсай» шекара заставасының шекара наряды Батыс Қазақстан облысы бойынша орман және жануарлар әлемін қорғау шаруашылығының маманымен бірге, катермен Жайық өзенінің жағалауын шолып жүріп 400 метр көлеміндегі ау тауып алды. Ауға шырматылып қалған қымбат бағалы балықтар тірідей құтқарылды», - делінген тартылған ақпаратта.
Қордайлық шекарашылар «Қордай-авто» бөлімшесінде 49 жастағы қазақстандықты ұстады. Ол өзімен бірге елімізге заңсыз жолмен әртүрлі маркалы 1600 қорапша темекі өнімдерін, 213 шөлмек (90,52 литр) әртүрлі алкоголь өнімдерін алып кірмек болған. Заңсыз тауар Қордай аудандық Мемлекеттік кіріс департаментіне тапсырылды.