5 мамыр - Халықаралық акушерлер күні

Қазақстанда акушерлер жыл сайын 400 мыңға дейін әйелдерді босандырады. Бұл еңбектегі ең үлкен үлес - акушерлерге тиесілі, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл перзентханаға келген сәттен бастап шығарғанға дейін әйелдерге қызмет жасайтын, босанғанға дейін, кейін және тікелей босану кезінде болашақ ананың жанында болатын, босанған әйелдерге қажетті медициналық және моралдық көмек көрсететін, жаңа туған нәрестелерге күтім жасайтын дәрігерлердің таптырмас көмекшілері.

Бұл мамандықтың маңыздылығын Қазақстанда да айқындай отырып, 5 мамырда Халықаралық акушерлер күнін атап өтеді. Мереке идеясын халықаралық акушерлер қауымдастығы 1987 жылы Нидерландыда өткен конференцияда ұсынды, ал бұл күн ресми мереке мәртебесіне 1992 жылы ғана ие болды.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 241 босандыру ұйымы, оның ішінде 144 аудандық орталық аурухана, 58 перзентхана, 37 перинаталдық орталық, 2 республикалық клиника жұмыс істейді.

Амбулаториялық деңгейде 810 әйелдер консультациясы акушерлік-гинекологиялық көмек көрсетеді, сондай-ақ 1 282 дәрігерлік амбулатория мен 790 фельдшерлік-акушерлік пункт өз функцияларын орындайды.

Медициналық ұйымдарда ел бойынша барлығы 7 415 акушер, оның ішінде қалада 64% (4 708) және ауылдық жерлерде 36% (2 707) жұмыс істейді. Фельдшерлік-акушерлік пункттерде 600-ден астам акушер жұмыс істейді.

Перзентханаларда 3 740 акушер жұмыс істейді, олар жыл сайын 400 мыңнан астам босануды қабылдайды, медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейінде 3 675 акушер жұмыс істейді.

Жалпы, Қазақстанда соңғы жылдары туу көрсеткішінің өсуі байқалады, ал туу көрсеткіші 2021 жылы ең жоғары деңгейге жетті.

Биыл 450 мыңнан астам бала дүниеге келді және туу коэффициенті 100 мың тұрғынға шаққанда 23,4-ті құрады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ДСМ баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы