5 ақпанда Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысы өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2021 жылғы 5 ақпанда Алматы қаласында Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысы болады.

Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Іс-шараға Армения, Беларусь, Казақстан, Кырғызстан, Ресей елдерінің үкімет басшылары және Еуразиялық экономикалық комиссия коллегиясының төрағасы қатысады. Сонымен қатар ЕАЭО жанындағы байқаушы мүше мемлекеттер - Молдова, Өзбекстан және Куба қатысады деп күтілуде.

Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы кеңейтілген және жеке құрамда өтеді. Оның күн тәртібінде сауда-экономикалық қарым-қатынасты кеңейту, ішкі нарық қызметіне кедергі келтіретін тосқауылдарды жою, сонымен қатар экономиканың жеке салаларында интеграциялық әлеуетті дамыту мәселелері қаралады.

Сондай-ақ сол күні Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысының қатысушылары «Ғаламдық экономиканың цифрлық болашағы» атты халықаралық форумға қатысады. Ол технологиялық кәсіпкерлік және инновацияларды ынталандыру мен қолдау көрсету мақсатында цифрлық экожүйе ынтымақтастығы мәселелеріне арналады. 

Форумға осы саланың жетекші ғалымдары мен сарапшылары шақырылды. 


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы