“5 адамның жағдайы ауыр”. Ферроқорытпа зауытындағы апаттың мән-жайы айтылды

Ферроқорытпа зауытындағы жазатайым оқиғаны тергеу Қарағанды облысы басшылығының тұрақты бақылауымен жүріп жатыр. Жауапты органдар аппараттық кеңесте жағдайды баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Өздеріңіз білетіндей, ферроқорытпа зауытында штаттан тыс жағдай болды. Өкінішке қарай, 8 қызметкер зардап шекті. Қазір барлығына толық көлемде қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Мен зардап шеккендердің туыстарымен жеке кездестім, дәрігерлермен де сөйлестім. Медицина қызметкерлері қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр, – деді өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенованың айтуынша, зардап шеккен бес адамның жағдайы өте ауыр, үшеуінің жағдайы ауыр жағдайда. Шокқа қарсы барлық кешенді терапия жүргізілуде.

Зардап шеккендерді құтқару үшін YDD Corporation жетекші шетелдік мамандарды жұмысқа тартты.

YDD өндіріс орындарының бірінде болған штаттан тыс жағдайдан кейін компания жергілікті дәрігерлерге кеңес беру және көмек көрсету үшін Ресей Федерациясының бірнеше жетекші институттары мен ауруханаларынан ең жақсы медициналық комбустиологтардың келуін ұйымдастырды, – делінген ақпаратта. 

Сонымен қатар, жергілікті және Израиль мен Түркиядағы мамандармен онлайн-кеңестер өткізілуде.

Сондай-ақ Қарағанды обылысының полиция департаменті ферроқорытпа зауытындағы апатқа қатысты қылмыстық іс қозғады.

Қарағанды қаласындағы ферроқорытпа зауытында болған оқиғаға байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 156 бабы 2 тармағына "Абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әкеп соққан еңбектi қорғау қағидаларын бұзу" сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда тиісті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Оқиғаның мән жайы анықталуда, - деп мәлімдеді өңірдің ПД баспасөз қызметі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы