474 млрд теңгенің кешенді жоспары елдегі медицинаға не береді?
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният бүгін өткен Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, проблемалық мәселелерді шешу үшін озық халықаралық практикаларға сәйкес халыққа онкологиялық көмекті жетілдіру мақсатында Онкологиялық аурулармен күресудің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы әзірленді.
Бес бағытты қамтитын жоба Қазақстан Республикасы Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасындағы тапсырмасы бойынша жасалған. Кешенді жоспарды іске асыру үшін медициналық жабдықтарды, дәрілік препаратттарды сатып алуға, мамандарды оқытуға, заманауи онкология орталықтарын салуға, реконструкциялауға және күрделі жөндеу жүргізуге шамамен 474 млрд теңге қажет болады. Қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджеттердің есебінен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының және инвесторлардың қаражаты тартылады, сондай-ақ мемлекеттік жекешелік әріптестік тетіктері қолданылады, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Сонымен қатар министр кешенді жоспар іске асырылса, 2026 жылға қарай қандай көрсеткіштерге қол жеткізуге болатынына тоқталды.
Ерте диагностиканың 35,0%-ға дейін өсуі; обырдың көзге көрінетін-асқынған жағдайларының 10,0%- ға дейін төмендеуі; сәулелік емдеумен қамтудың 50,0%-дан жоғары өсуі; онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімнің 100 мың халыққа шаққанда 65-ға дейін төмендеуі; таргеттік және иммунонкологиялық препараттардың есебінен персоналдық терапияға қолжетімділіктің артуы және онкологиялық науқастардың 5 жылдан астам өмір сүру ұзақтығының 57,0%-ға дейін ұлғаюы күтіледі, - деді Ажар Ғиният.