47 жылда алғаш рет: Қазақстанда желтоқсанда бұрын-соңды болмаған ауа райы тіркелді

2025 жылғы желтоқсан айында Қазақстан аумағында 1978 жылдан бері тіркеліп келген бірқатар температуралық рекордтар жаңартылды. Бұл туралы "Қазгидромет" РМК мамандары мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Синоптиктердің дерегінше, желтоқсан айындағы ауа райы тұрақсыз сипатта болды. Аязды күндер жылымық кезеңдермен алмасып, ауа температурасының күрт ауытқуы, сондай-ақ жауын-шашынның біркелкі түспеуі байқалған.

Ай басындағы ауа райы: жылымық пен циклондар

Айдың алғашқы күндерінде Қазақстанның басым бөлігінде қараша айына тән салыстырмалы түрде жылы ауа райы сақталды. Ауа райының қалыптасуына белсенді циклондық әрекет әсер етіп, көптеген өңірлерде қар мен жаңбыр жауды. Кей жерлерде боран, тұман және желдің күшеюі тіркелді.

Жауын-шашын нормадан асып түсті

Желтоқсан айында бірқатар өңірлерде жауын-шашын мөлшері айлық нормадан асып немесе соған жуық болды. Атап айтқанда:

• 9 желтоқсанда Павлодар облысындағы Жолболды метеостанциясында айлық норма 15 мм болғанда 14 мм жауын-шашын түсті;
• 10 желтоқсанда Алматы облысындағы Нарынқол метеостанциясында 13 мм жауын-шашын тіркеліп, бұл айлық нормаға тең болды;
• 11 желтоқсанда Маңғыстау облысындағы Сам метеостанциясында норма 10 мм болғанына қарамастан 20 мм жауын-шашын түскен.

Температуралық рекордтар жаңарды

Ай ішінде елдің жекелеген өңірлерінде ауа температурасының жоғары, кей жағдайда рекордтық мәндері байқалды. Мәселен, 1 желтоқсанда Қостанай мен Петропавл метеостанцияларында бұрынғы температуралық максимумдар жаңартылды.

Ал 2-4 желтоқсан аралығында Жезқазған метеостанциясында тәуліктік ең жоғары ауа температурасының рекордтары тіркелген.

Қатты аяз және антициклон ықпалы

8-12 желтоқсан аралығында Жаңа Жер аралдары ауданынан ығысқан солтүстік антициклонның ықпалымен Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы күрт төмендеді. Нәтижесінде, ауа температурасы 0…-5°С-тан -18…-26°С-қа дейін төмендеп, қыстық сипаттағы ауа райы орнықты.

Ай соңындағы жылымық пен жаңа рекордтар

Айдың екінші жартысында Азия аумақтарынан жылы ауа массаларының енуі байқалды. Бұл ауа температурасының қайтадан жоғарылауына және жаңа температуралық рекордтардың орнауына себеп болды.

Әсіресе 29-31 желтоқсан күндері Түркістан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Астана мен Жезқазған қалаларында рекордтық көрсеткіштер тіркелді.

Жалпы қорытынды

Жалпы алғанда, желтоқсан айында республика аумағының басым бөлігінде орташа ауа температурасы климаттық нормадан 1-4°С-қа жоғары болды. Жауын-шашын мөлшері көптеген өңірлерде нормадан 1,3-6 есе артық, ал жекелеген аудандарда норма шамасында немесе одан төмен болды.

Астана қаласындағы көрсеткіштер

Астанада желтоқсан айындағы орташа ауа температурасы -8°С болып, бұл климаттық нормадан 4°С-қа жоғары. Ең жоғары температура +2,8°С – 30 желтоқсанда, ал ең төменгі көрсеткіш -23,6°С – 27 желтоқсанда тіркелген.

Ай ішінде қалада 49 мм жауын-шашын түсіп, бұл айлық нормадан шамамен екі есе артық болған.

«Қазгидромет» мәлімдемесі

«Қазгидромет» РМК алдағы уақытта да Қазақстан аумағындағы климаттық өзгерістерге тұрақты мониторинг жүргізіп, ауа райының сипаты мен үрдістері туралы халық пен мемлекеттік органдарды уақтылы хабардар етуді жалғастыратынын мәлімдеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы