Бүгiн 2026, 17:46 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

+46°С ыстық пен жауын-шашын: «Қазгидромет» маусым айына арналған ауа райы болжамын жариялады

Маусым айында Қазақстанда +46 градусқа дейін аптап ыстық пен найзағайлы нөсер күтіледі.

Жаздың алғашқы айы Қазақстанда айтарлықтай құбылмалы болмақ. Синоптиктердің болжамы бойынша, маусым айында елдің барлық аумағында күн әдеттегіден жылы болады. Дегенмен, аптап ыстықпен қатар найзағай, бұршақ, екпінді жел және шаңды дауыл тұруы ықтимал.

«Қазгидромет» РМК мәліметінше, маусым айындағы ауаның орташа температурасы климаттық нормадан 1–2 градусқа жоғары болады.

Айдың басы – жаңбырлы және найзағайлы

Маусымның алғашқы онкүндігі циклондар мен атмосфералық фронттардың ықпалында өтеді. Аймақтардың басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады.

Көптеген облыста қысқамерзімді жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, жел күшейеді, ал кей жерлерде бұршақ жаууы мүмкін. Солтүстік және батыс өңірлерде жауын-шашын кей уақытта қатты болуы ықтимал. Елдің оңтүстігі мен оңтүстік-батысында шаңды дауыл тұрады деп болжануда.

Сонымен қатар ауа температурасы біртіндеп көтеріле бастайды:

  • Батыс пен оңтүстік-батыста: түнде термометр бағандары +13°С...+22°С градусқа дейін, күндіз +27°С...+32°С, кей жерлерде +35°С градусқа дейін көтеріледі.

  • Солтүстікте: күндізгі температура +28°С...+33°С градусқа дейін жоғарылайды.

  • Оңтүстік өңірлер: жазды ерекше ыстық ауа райымен қарсы алады – кей күндері ауа температурасы +40°С градусқа дейін ысиды.

Аптап ыстық нөсер жаңбырмен алмасады

Айдың екінші және үшінші онкүндігінде де ауа райы құбылмалы күйде қалады. Аптап ыстық кезеңдері салқын күндермен, жаңбырмен және найзағаймен алмасып отырады.

Синоптиктер кей жерлерде екпінді жел, бұршақ және шаңды дауыл тұруы мүмкін екенін ескертеді.

  • Батыс, солтүстік, орталық және шығыс Қазақстанда: температура түнде +8°С-ден +25°С градусқа дейін, ал күндіз +28°С-ден +39°С градусқа дейін құбылады.

  • Орталық өңірлерде: кей күндері ауа температурасы +42°С градусқа дейін қызуы мүмкін.

Оңтүстікте төтенше ыстық күтіледі

Ең жоғары температура елдің оңтүстік бөлігінде болады деп болжануда. Мұнда күндізгі көрсеткіштер +28°С-ден +40°С градусқа дейін өзгереді, ал кей күндері аптап ыстық +46°С градусқа жетуі мүмкін. Түнде температура +14...+28°С градус аралығында сақталады.

Қорытындылай келе, Қазақстанда маусым айы ыстық,әрі жауын-шашынды болады.