Кеше 2026, 14:18 Фото: pixabay.com

+46°C: Оңтүстік Азияда бұрын-соңды болмаған аптап ыстық басталды

Пәкістан мен Үндістанда ауа температурасы +46°C-қа дейін көтеріліп, миллиондаған адам аптап ыстық, су тапшылығы және электр жарығының жиі өшуімен бетпе-бет келіп отыр.

Оңтүстік Азиядағы ауа температурасы маусымдық қалыпты деңгейден асып кеткен. Сарапшылар мұны климат дағдарысымен байланыстырады.

Пәкістан мен Үндістанда созылған аптап ыстық қазірдің өзінде миллиондаған адамға әсер етіп жатыр. Пәкістанның оңтүстігінде сәуір мен мамыр айларында ауа температурасы тұрақты түрде +44…+46°C-тан асып отырған. Синд провинциясында тұрғындар күндізгі уақытта далаға шығуды шектеуге мәжбүр болды. Әсіресе ашық аспан астында жұмыс істейтіндер, көлік саласының қызметкерлері мен фермерлер қатты зардап шеккен.

Соңғы апталарда Үндістанда да осыған ұқсас жағдай тіркеліп жатыр. Раджастан, Гуджарат, Махараштра штаттарында, сондай-ақ елдің солтүстік және орталық өңірлерінде кей жерлерде ауа температурасы +45°C-тан жоғары көтерілген. Билік аптап ыстыққа байланысты ескерту жариялап отыр: төтенше температура электр желілеріне салмақ түсіріп, күнделікті өмірге кері әсерін тигізуде, деп жазды The Guardian.

Ең күрделі жағдайлардың бірі Карачи қаласында сақталып отыр. Әдетте Араб теңізінен соғатын теңіз самалы ыстықты біршама жеңілдететін қалада мамыр айында бірнеше рет ауа температурасы +40°C-тан асқан. Пәкістан метеорология департаментінің мәліметінше, жақында ең жоғары көрсеткіш +44,1°C-қа жеткен. Бұл – 2018 жылғы 31 мамырдан бергі ең жоғары температура. Ол кезде +46°C тіркелген еді. Метеорологтар алда бұдан да ыстық кезеңдер болуы мүмкін екенін ескертіп отыр.

Жағалаудағы аудандарда жағдай электр жарығының жиі өшуі мен ауызсу тапшылығына байланысты күрделене түскен. Қаланың ең ірі балықшылар кенттерінің бірі саналатын Ибрагим Хайдери ауданында тұрғындар тұрмыс жағдайының нашарлап, күнделікті жүктеменің артқанын айтып отыр.

Климат мамандары мұны бір реттік табиғи құбылыс емес, климаттың өзгеруі мен урбанизацияға байланысты ұзақ мерзімді үрдіс деп бағалайды. World Weather Attribution тобының бағалауынша, адам әрекетінен болған климат өзгерісі мұндай аптап ыстықтың ықтималдығын шамамен үш есе арттырған. Ал индустрияға дейінгі кезеңде мұндай температура шамамен 1°C-қа төмен болар еді.

Сарапшылар Карачиде түнгі температураның да өсіп жатқанын және ауа ылғалдылығының жоғарылағанын айтады. Соның салдарынан ыстық бұрынғыдан да ауыр сезіліп, адамдардың ұйқысы мен денсаулығына әсер ете бастаған. Климат саласының мамандарының сөзінше, 2024 жылдан бері аптап толқындарының қарқыны айтарлықтай күшейген. Сонымен қатар қалада салқындату инфрақұрылымы мен жасыл аймақтар жетіспейді.

Метеорологиялық қызметтердің дерегіне сүйенсек, соңғы ондаған жылда өңірдегі орташа температура шамамен 1,4°C-қа, ал Синд провинциясында 1,7°C-қа өскен. Қыс мезгілі қысқарып, жаз бұрынғыдан ұзақ әрі қатты ыстық бола бастаған.

Мамандар шұғыл шаралар қабылдауға шақырып отыр. Атап айтқанда, қоғамдық салқындату орталықтарын ашу, ауызсуға қолжетімділікті кеңейту, медицина жүйесінің дайындығын күшейту және қалаларды жаппай көгалдандыру қажет екенін айтады.

Карачидің көптеген тұрғыны үшін аптап ыстық болашаққа қатысты ескерту емес. Ол қазірдің өзінде күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналған.