46 сағат 39 минут: Рекорд орнатқан халықаралық экипаж ұшағы Нұр-Сұлтанда жанармай құйды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жерді тез айналып өтуді көздеген әуе кемесі АҚШ-тың Флорида штатынан шығып, алғашқы нүкте ретінде Нұрсұлтан Назарбаев әуежайына қонды. 25,5 мың литр жанармай құйып, әрі қарай Маврикий аралдарына жол тартқан.
"Нұрсұлтан Назарбаев әуежайы" АҚ басқарма төрағасы Рәдибек Әдимолданың айтуынша, Халықаралық экипаж әуежайдан 25,5 мың литр жанармай құйған. Елордада 45 минут уақыт болып, әрі қарай ұшып кеткен. Олар 11 жылғы бұрынғы рекордты 6 сағат айырмашылығымен орнатқан.
"Алдымен, астанамызды құттықтағым келеді. 2008 жылы екі полюс арқылы Жер шарын жылдам айналып өткен рекорд болатын. Биыл ол рекорд 6 сағат айырмашылығымен жаңарды. Нұр-Сұлтандағы әуежай осы әуе кемесінің алғашқы тоқтау нүктесі болғанына қуаныштымыз. Осылайша, біздің әуежай әлемдік авиация тарихына енді. Gulfstream G650 борты - эксклюзив, өте жақсы ұшақ. АҚШ-та жасалған. Нұрсұлтан Назарбаев әуежайына таңғы сағат 7.47-де қонды, сағат 8.32-де ұшып кетті. Олардың қойған стандарттары, біздің нормаларымызға сәйкес келді. Біздің әуежайды таңдауы халықаралық әуежай талаптарына толық сай келуінде болып отыр. Сондықтан олар алғашқы техникалық жанармай құю нүктесі ретінде біздің әуежайға қонды. Олар 25,5 литр жанармай құйып алды. Енді ол келесі нүктеге дейін жетеді. Ұшақ ең жақын траекторияға кіріп, тез жанармай құйып, бірден ұшып кетті. Экипаж әуежайда алған техникалық көрсеткіштерге риза болып кетті", - деді ол.
Ұшақ АҚШ-тың Флорида штатынан шығып, Нұр-Сұлтанда жанармай құйып алды. Әрі қарай Маврикий аралдарына, кейін Чили әуежайына тоқтады. Сөйтіп оңтүстік және солтүстік полюсті айналып, Флоридаға қайтып барады. Халықаралық экипаж осылай әлемдік рекордты жаңартып отыр. Ұшақ АҚШ-та жасалғанмен, борт Қатарлық әуе компаниясына тиесілі. Экипаж құрамында АҚШ, Оңтүстік Африка, Дания, Украина азаматтары болған. Нұр-Сұлтаннан ресейлік ғарышкер бортқа мінді.
"Ұшақ Qatar Executive компаниясының кодымен ұшты. Ұшуды Халықаралық экипаж құрамы басқарды. Оның құрамында АҚШ, Оңтүстік Африка, Дания, Украина азаматтары - негізгі ұшқыштар. Сонымен қатар, экипаж құрамында америкалық және ресейлік ғарышкерлер болды. Ресейлік ғарышкер Геннадий Падалка осы бортқа Қазақстаннан отырды", - деді әуежай басшысы.
2008 жылы TAG Group холдингінің ұшқыштары Жер шарын 52 сағат 32 минутта 882 км/сағ орташа жылдамдықпен рекорд орнатқан. Биыл Qatar Executive компаниясының Gulfstream G650 ER ұшағы Жерді екі полюс арқылы 46 сағат 39 минут 38 секундта айналып ұшып, 11 жыл бұрынғы рекордты жаңартты.